АҚШ әскері Ирактағы соңғы базаларын 30 қыркүйекке дейін босатуы тиіс. Жиырма жылдан астам уақытқа созылған америкалық әскери миссияның аяқталуы Иранның Ирактағы ықпалын күшейтіп, «Ислам мемлекеті» сияқты қарулы топтардың қайта жандануына қатысты алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ әскері Иракқа алғаш рет 2003 жылы кіріп, Саддам Хусейн режимін құлатқан. Кейін америкалық күштер елде бірнеше жыл қалып, көтерілісшілерге қарсы операцияларға қатысты. 2011 жылы әскер Ирактан шығарылды.
Алайда 2014 жылы «Ислам мемлекеті» (ИМ) лаңкестік ұйымы күшейген кезде АҚШ әскері қайта оралды. Халықаралық коалиция құрамында олар Ирак армиясына Ислам мемлекетін жеңуге көмектесті. 2017 жылға қарай ұйым Ирактағы негізгі аумақтарын жоғалтты. Енді америкалық әскердің Ирактан кетуі жаңа кезеңнің басталуына себеп болуы мүмкін.
Иранның ықпалы арта ма?
Ирак сарапшылары АҚШ әскерінің кетуі Иран мен оның Ирактағы одақтастарының ықпалын күшейтуі мүмкін деп санайды. Ирак қауіпсіздігі бойынша сарапшы Джасим әл-Бахадлидің айтуынша, АҚШ әскерінің кетуі Иранның Ирактағы ықпалына қарсы тұрып келген әскери күштің әлсіреуіне алып келеді.
Оның пікірінше, Иран қолдайтын қарулы топтар америкалық әскердің кетуін өздерінің жеңісі ретінде көрсетіп, қауіпсіздік пен саяси шешімдерге ықпалын арттыруға тырысуы мүмкін.
Иран қолдайтын қарулы топтарды біріктіретін «Ирактағы исламдық қарсылық» қозғалысының командирі Абу Моджтаба әл-Ясири АҚШ әскерінің кетуін «тарихи жеңіс» деп атады.
Ол 30 қыркүйекте Ирактағы америкалық әскердің кеткенін атап өтетіндерін айтып, елдің егемендігін шетелдік әскер емес, Ирак халқы мен «қарсылық қозғалысы» қамтамасыз етуі керек деген пікір білдірді.
АҚШ әскерінің елден шығуын көптеген ирактықтар қолдайды. Себебі Иракта шетелдік әскери күштердің болғанын ел егемендігіне қайшы деп санайтындар көп. Алайда Иран қолдайтын қарулы топтардың күшеюінен қауіптенетіндер де бар. Фаллуджа қаласындағы сунниттік тайпа жетекшісі Абдулрахман әл-Зобайе Ирактың қауіпсіздік мәселесін толық өз қолына алуға әзір емес екенін айтты.
Оның сөзінше, барлық ирактықтар толық егемендікті қалайды. Бірақ АҚШ бастаған коалицияның бірден кетуі елде қауіпсіздік вакуумын қалыптастыруы мүмкін деген алаңдаушылық бар.
АҚШ пен Иран арасындағы текетірес
Кейінгі жылдары Ирак Таяу Шығыстағы ерекше елдердің біріне айналды. Бағдад бір жағынан АҚШ-пен әскери және саяси байланысын сақтаса, екінші жағынан Иранмен тығыз қарым-қатынаста болды.
Кей кездері Ирак аумағы АҚШ пен Иран арасындағы жанама қақтығыстардың алаңына айналды. 2020 жылы АҚШ Бағдад әуежайы маңында Иранның жоғары лауазымды қолбасшысы Қасым Сүлеймани мен оның серіктерін өлтірді. Бұдан кейін Иранға жақын қарулы топтар Ирактағы америкалық базаларға бірнеше рет шабуыл жасады.

Ал қазіргі Иранмен соғыста қаза тапқан 18 америкалық әскери қызметкердің жетеуі Ирак аумағында болған. Иран АҚШ әскерінің Ирактан кетуін өзінің аймақтағы одақтастары үшін маңызды жетістік деп қабылдап отыр.
Иран парламентінің Ұлттық қауіпсіздік комиссиясы төрағасының орынбасары Әмір Хаят Мокаддам америкалық әскер кеткеннен кейін Ирак пен аймақта қауіпсіздік нығаятынын айтты. Иран тарапы АҚШ әскерінің Ирактан шығарылуын қолдайтынын мәлімдеді. Вашингтон болса, Иран қолдайтын Ирактағы қарулы топтарды Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысып, көрші елдерге шабуыл жасады деп айыптайды. Ал Ирак үкіметі бұл топтардың ықпалын шектеуге тырысып жатқанын айтады.
«Ислам мемлекеті» қайта күшеюі мүмкін бе?
АҚШ әскерінің кетуіне қатысты тағы бір үлкен қауіп «Ислам мемлекеті» ұйымының қайта белсенді болуы. Ұйымның негізгі аумақтары 2017 жылы жойылғанымен, оның Иракта әлі де жасырын ұяшықтары бар.
«Ислам мемлекеті» өзінің ең күшті кезеңінде Ирак аумағының шамамен үштен бірін бақылаған. Мыңдаған адам қаза тапты. Күрд әскери қолбасшысы Сирван Барзани АҚШ бастаған халықаралық коалицияның кететіні жарияланғаннан кейін «Ислам мемлекеті» ұяшықтарының қозғалысы байқала бастағанын айтты. Оның сөзінше, америкалық барлау, логистика және дрондардың болмауы ұйымға қайта топтасуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Ирак қауіпсіздік күштері де «Ислам мемлекетіне» қатысы бар күдікті топтың АҚШ әскерінің шығуына орай жанкештілік шабуылдар дайындағанын анықтаған.
Киркук қаласындағы қауіпсіздік қызметінің өкілі, полковник Халид әл-Баятидің айтуынша, «Ислам мемлекеті» осындай шабуылдар арқылы өзінің әлі де әрекет ету қабілеті бар екенін көрсеткісі келеді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран шабуылды қайта бастап, Сауд Арабиясы да Ирактағы қарулы топтарға қарсы соққы жасаған еді. АҚШ әскери қолбасшылығы мұны «кенеттен жасалған шабуыл әрекеті» деп бағалап, барлық зымыранның әуеде жойылғанын мәлімдеді.














