Астана қаласы, Қарағанды және Түркістан облыстарында 150 мыңнан астам адамға Қарттар күніне орай ақшалай көмек көрсету жоспарланған. Төлем мөлшері мен оны алатын адамдар санаты әр өңірде әртүрлі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің редакциямызға берген жауабына сәйкес, жасына байланысты зейнетке шыққан тұрғындарға біржолғы 2,5 АЕК мөлшерінде (10 812 теңге) төлем беріледі. Көмек 110 мыңнан астам адамды қамтиды.
Ал Қарағанды облысында 75 жасқа толған және одан асқан 43 405 адамға 21 625 теңгеден төлеу жоспарланған. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Айгерім Бекішеваның айтуынша, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 938,6 миллион теңге қарастырылған.
Түркістан облысында ақшалай көмек үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын жалғызілікті қарттарға беріледі. Әкімдік мәліметінше, 1 253 адамға 5 АЕК мөлшерінде (21 625 теңге) төлем қарастырылған.
2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгеге тең.
Ал Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Жетісу, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы, Қостанай және Қызылорда қалаларында Қарттар күніне орай арнайы ақшалай төлем қарастырылмаған. Мұны әкімдіктердің баспасөз қызметтері мәлімдеді.
Айта кетейік, 1 қазан — Халықаралық қарттар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді 1990 жылғы 14 желтоқсанда бекіткен. Мереке алғаш рет 1991 жылы аталып өтті. Оның мақсаты — егде жастағы адамдардың қоғамға қосқан үлесін бағалап, олардың қажеттіліктері мен құқықтарына назар аудару.















