ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК КОУЧ-ТРЕНЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

744
Шымкентте гид-экскурсоводтар қызмет көрсету сапасын жақсарту және білімін жетілдіру бойынша семинар-тренингтен өтеді. Бұл туралы Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпарттық орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Гид-экскурсовтар мен қонақ үй қызметкерлеріне арналған іс-шараға «Visit Shymkent» туристік ақпарат орталығының басшысы Омаров Ерлан және шетелдік коуч мамандар — Абдуллах Байрактар, Юксель Туремез, Тони Жу, Наргиз Саломова қатысты.
-Шымкент — туристік аймаққа бай қала. Күн сайын мұнда шетелден келетін туристердің де саны артып жатыр. Сондықтан, жыл басынан бері гид-экскурсоводтармен және қонақ үй бизнес өкілдерімен кездесу жасап, сол тараптан ұсыныс алдық. Туристік бизнес өкілдеріне арналған іс-шараға Өзбекстан, БАӘ, Түркия елдерінен білікті мамандарды шақырдық. Шетелдік мамандар экскурсия жетекшілеріне саладағы жаңа әдістер, өзге елдер практикасы мен гидтердің негізгі қасиеттері туралы айтса, қонақ үй әкімшілеріне менеджмент, нақты нәтижелерге қол жеткізу, команданы басқару туралы тың ақпараттар берілетін болады. Туризм саласында бәсекелестік болғандықтан, қызметкерлердің білім сапасын арттырып, іс-тәжірибеден өткізіп, әр түрлі теориялық және практикалық сабақтар жүргізген дұрыс. Мамандардың білімдерін жетілдіру арқылы қаламызда туристердің сапалы демалуына сеп боламыз -деді «Visit Шымкент» туристік ақпарат орталығының басшысы Е. Омаров.
Қазіргі таңда Шымкентте сексенге жуық сертификатталған, арнайы білімі бар гид-экскурсовод мамандары бар. Олардың біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын семинар-тренинг өткізіліп тұрады. Соның нәтижесінде, қалаға жыл басынан бері 97 501 туристер келген. Олардың 90 433 резиденнттер (мемлекет аумағында тұрақты мекендейтін) болса, 7 068-і резидент емес. Бұл көрсеткіш — өңірімізде туризм саласының қарқынды дамып жатқандығының айғағы.
Айта кетейік, Шымкентте өтетін гид-экскурсоводтарға арналған семинар-тренинг 5 күнге созылмақ. Қатысушыларға арнайы сертификат табысталады.