Лукашенко Ресеймен ортақ валюта шарттарын атады

1167
Беларусь президенті Александр Лукашенко «Ресеймен ортақ валютаға қарсы емеспіз. Бірақ ол Ресейдің рублі болмауы керек» деді. Ол бұл пікірін Беларусь дипломатиялық қызметіне 100 жыл толуы қарсаңында елдің бұрынғы сыртқы істер министрлері қатысқан жиында айтқан.
Лукашенконың пікірінше, ортақ валюта шарттары екі елге де тиімді болуы тиіс. Бұл тұрғыда Еуроодақтың тәжірибесінен үлгі алып, зерттеу керек деп санайды.
Беларусьтің қазіргі және бұрынғы шенеуніктерімен кездесуде Лукашенко Ресеймен одақ құру мәселесіне де тоқталып, оны екі ел тұрғындары шешуі тиіс деп айтқан. Ол сонымен бірге мемлекеттің өзге елдермен де «одақтасуға» құқығы бар екенін жеткізген.
Ресей мен Беларусь арасындағы ортақ валюта мәселесін бұған дейін Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев те қозғаған. Ол Ресейдің Беларусьпен бірлесіп, ақша шығаратын орталық, кеден қызметі, сот және есеп палатасын құруға әзір екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, мұндай жағдайда екі мемлекет ортақ салық саясатын жүргізе алады.
Ал 14 желтоқсанда Лукашенко ресейлік журналистермен кездесуде өзі үшін «қасиетті» ұғымға айналған мемлекеттің егемендігінен айрылуына ешқашан жол бермейтінін мәлімдеген.
Кейін әлеуметтік желіде «екі ел қосылады екен» деген ақпарат тарап, қызу талқыға түскен. Сол кезде Ресей президентінің көмекшісі Дмитрий Песков бұл ақпаратты терістеп, түсініктеме берген.
azattyq.kz