Соңғы кездері «кино» деген нан шықты. Киноға қатысы бар адам да, қатысы жоқ адам да кино түсіргіш болып алды. Шоу-бизнестегілер ат-тұяғы қалмай түгел кино-индустрияға түрен салды. Олардан КВН-щиктер де қалысып тұрған жоқ. Нұрланы бар, Нұртасы бар, жылына кемі бір кино түсіреді. Былай қарасақ, бұл бір жағынан дұрыс та секілді. «Нешетүрлі кино шықты. Киномыз көбейіп келе жатыр» деп мақтанғанға жақсы. Алайда көрермендердің талғамы не болады?
Жақсы кино жоқ емес. Соңғы жылдары жарыққа шыққан фильмдерден Ермек Тұрсыновтың «Жат», Ақан Сатаевтың «Бизнесмены», Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш», Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Серікбол Өтепбергеновтің «Шестой пост», Болат Қалымбетовтің «Таланы» кинотеатрлардан көрсетіліп, көрермендердің оң бағасын алды. Алайда, шыны керек, қазіргі киноиндустрияда режиссерлерге қарағанда шоу-бизнестегілер мен КВН-щиктердің дәурені жүріп-ақ тұр.
Жастардың «Жатты» көріп, әңгіменің не туралы екенін түсінбей, «Таланды» көріп ой тұңғиығына батқанынан гөрі, «Құдаларды» көріп, қарқылдап күліп, «Бизнес в Африкені» тамашалап, жырқылдап қайтқаны артығырақ. Киноның кілтін ұстағандар да соны біліп алған. Бүгінгі жастардың қабылдауына қандай оқиғаның өтімді, қандай диалогтың дәл келетінін, зерттеп біліп отыр. Кинотеатрларда кісіні кезекке тұрғызып, кинодан «нан» тауып жатқандар да солар.
Талғам деген қызық қой. Неге екенін, шоу-бизнес жұлдыздарының араласуымен түсіріліп жатқан фильмдерге жұрттың аңсары ауып тұр. Ол жағынан көш басында Баян Мақсатқызы тұр. Баянның продюсерлігімен «Осторожно, корова» (реж.А.Ұзабаев), «Ғашық жүрек» (реж.А.Ұзабаев), «Ғашық жүрек-2» (реж.Ж.Пошанов), «Сиситай» (реж.Е.Нұрғалиев) секілді кинолар жарыққа шықты.
Түсірген киносының саны жағынан Баянды бүгінде Әсел Сәдуақасова басып озып барады. Әселдің продюсерлігімен «Адель» (реж.А.Бисембин), «Замуж за 30» (реж.А.Бисембин), «5 причин не влюбиться в казаха» (реж.А.Ұзабаев), «Келинка тоже человек» (реж. А.Ұзабаев), «Жена – не стена» (реж.А.Бисембин), «Кластастар» (реж.Е.Нұрғалиев) сияқты фильмдер көрерменге жол тартты. Қайрат Нұртас та олардан қалыспады. «Өкініш» (реж.М.Оспанов), «Арман. Когда ангелы спят» (реж.Р.Сүлейменов) сияқты екі бірдей фильмді түсіре қойды.
Бұл топқа Төреғали Төрәлі мен Ерке Есмахан да қосылды. Екеуі бір-бірімен жарысқандай былтыр бір айда киноларының тұсауын кесті. Төреғали «Ұлы дала комедиясын» (реж.Д.Сәркенов), Ерке «Махаббат» кафесін» (реж.А.Ұзабаев) көпшілікке ұсынды. «Бүркіт» деген лақап атымен танымал Айбек Женсейітовтің «Логово», «Загадай желания» фильмдері тағы бар.
Шоу-бизнестегілерден КВН-щиктер де қалысып тұрған жоқ. Олардың арасынан алғаш болып кино түсіруді қолға алған жайдарманшы Шапағат Орынбаев еді. Оның атсалысуымен «25 теңге» (реж.Ш.Орынбаев), «Свои» (реж.Ш.Орынбаев), «Потому что Шымкентский» (реж.Ж.Жанқараев), «Ограбление по Шымкентский» (реж.С.Жолдас), «Өмір-ай» (реж.Ш.Орынбаев), «ZOR» (реж.Ш.Орынбаев) секілді фильмдер таспаланды.
Бұлардың арасынан қазір көш бастап тұрған – Нұртас Адамбай мен Нұрлан Қоянбаев. Бұл екеуі де бәстесіп алғандай биыл бір уақытта жаңа киноларын жарқ еткізді. Нұртастың «Құдалар», Нұрланның «Бизнес по казахский в Африке» фильмдері кинотеатрларда әлі күнге көрсетіліп жатыр. Нұртастың тікелей атсалысуымен осы уақытқа дейін «Келинка Сабина» (реж.Н.Адамбай), «Келинка Сабина-2» (реж.Н.Адамбай), «Побег из аула. Операция Махаббат» (реж.Н.Адамбай), «Свадьба на троих» (реж.А.Бисембин), «Тараз» (реж.Н.Адамбай), «Я – жених» (реж.Н.Адамбай), «Лифт» (реж.Н.Адамбай), «Құдалар» (реж.Н.Адамбай) фильмдері жарық көрді. Осындағы «Свадьба на троих» фильмінен басқасының бәрінде – өзі продюсер, өзі режиссер, тіпті сценарий авторы да өзі.
Нұрлан Қоянбаев та продюсер ретінде бес бірдей фильмді көрерменге ұсынды. «Бизнес по казаxский» (реж.Ж.Момышев), «Бизнес по казаxский в Америке» (реж.Ж.Момышев), «Каникулы в Таиланде» (реж.А.Ниязбеков), «Бизнес по казаxский в Африке» (реж.А.Матжанов) секілді киноларды саңырауқұлақша қаптатты. Мұндай кинолар қатарына Ернар Нұрғалиевтің «Брат или брак» (прод.Қ.Анарбекова), Данияр Саидтің «Слепая любовь» (прод.С.Махмуди), Мейірхан Шерниязовтың «Регистратор», Ален Ниязбековтың «Оралман из Питера», Қайыржан Орынбековтің «Ограбление по казахский», Асқар Ұзабаевтың «Гламур для дур», Илхам Джалиловтің «Дочь Чингисхана в ХХІ веке» фильмдерін қосуға болады.
Мұндай фильмдер қазір ай сайын шығып жатыр. Соның салдарынан киноның жақсы-жаманын таңдап, таразылай алмайтын жағдайға жеттік. Бұрынырақта әуесқой режиссер Еркін Рақышев «Жаралы сезім», артынша «Жетімдерді» түсіріп кинотеатрлардан көрсеткенде, «аспаз режиссер» деп ат қойып, газеттер сын садағының астына алатын. Киноның көптігінен бас ала алмай қалдық па, қазір киноны талдай алатын, жақсысы мен жаманының ара жігін ажыратып беретін сыншылар да қалмады. Бәрінің жазатыны – бәлду-бәлду, бәрі керемет. «Киномыз дамып келеді», «ғажайып дүние», «сұмдық фильм» дегеннен әрі аспаймыз.
Шынында солай ма? Кино санының көбейгені рас. Бірақ бұл киномыз жақсарды деген сөз емес. Зер салып қарасақ, отандық фильмдер бүгінде «қазақстандық кино» және «қазақ киносы» болып екіге бөлініп кеткені анық байқалады. Кинотеатрларды басып алған отандық фильмдердің көбі – қазақстандық кино. Не қазақша емес, не орысша емес, тіпті кейбірін кино деп атауға аузың бара бермейтін осындай өнімдер көбейгені жасырын емес. Неге бұлай болды?
Себебі, өндірушілер өз тауарын түрлі жолдармен, түрлі амалдармен көрерменге тықпалап-ақ жатыр. Әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді зерттемей, зерделемей сол күйі комедияға айналдыра салды. Елге керегі де сол. Күлдірсе болды. Жанрын комедия деп жазып көрсетеді. Көріп отырып, жылағың келеді. Ауылдықтарды сауатсыз бейшара, қалалықтарды мәдениетті қылып көрсету кімге керек? Күйеуге шықпай жүрген кәрі қыз, үйленерге қыз таппай жүрген сүрбойдақ жігіт, келінімен ата жау ене, алауыз ағайындар, қырылысқан құдалар… Бұларда қандай тәлім бар, тәрбие бар?
Совет заманында «өнердің ең биік туындысы – кино» деп бағаланатын. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары да сондай көзқарас болды. Ал қазір ше? Қазіргі кинолар өнер болудан қалған секілді. Бүгінгі кино – көкпарға түскен көк серке. Жұлмалап жан-жақтан тартқылап жатыр. Киноны бәрі қажетіне жаратқысы келеді. Мемлекет саясатын жүргізу үшін идеология ретінде пайдаланғысы келеді. Түрлі діни ұйымдар да киноға ауыз сала бастады. Жұлдыздар өздерін кино арқылы жарнамалағанға мәз.
Бұрынғы кинолар айтар ойы, берер тағылымымен құнды болатын. Солай бағаланатын. Ал қазір кім түсірген киносын жақсылап жарнамаласа, кино түсіруден кім көп табыс тапса, сол – мықты режиссер, керемет кино. Кино деген «нан» шықты дегеніміз де – осы. Бұрынғының режиссері тәлімгер болса, қазіргінің режиссері – саудагер. Оларға киноның көрерменге қалай әсер ететіні емес, қанша табыс әкелетіні ғана маңызды.
Қазір тек кино ғана емес, өнер атаулының бәрі де кері кетті. Сахна киесінен айырылды. Театрларда көрсетіп жатқан қойылымдарды көрсеңіз, демалып емес, тұншығып қайтасыз. Әдебиетіміздің де әл-дәрмені қалмады. Кітап сөрелерінде әдеби кітаптардан гөрі, жұлдыздар жазған бақытты болудың жолы, байып кетудің сырын ашатын, мұқабасы адам қызығарлық, парақтасаң пайдаға асырар дәнегі жоқ дүниелер толып тұр. Журналистердің орнын пәтуасыз блогерлер алмастырып жатыр. Тыңдап жүрген әндеріміздің сиқы анау. «Опмай-опмай, мыналарың қайтед?» деп, басқаларды өлтіріп сынаған болып, өзі де соны қайталаған мәтінінде мән жоқ, әуенінде әр жоқ қойыртпақ әндерге құлақ тұнды. Қайда барар екенбіз?!
Серікбол ХАСАН