Басты Қазақстан Бердібек Сапарбаев жастардан бұрын өз кадрларын тәрбиелеуі керек
Былтыр «Жас алашқа» берген сұхбатында зейнетке шыққан соң «жастарға сабақ беретінін мәлімдеген» Ақтөбе облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қазірдің өзінде зейнет жасында. 65 жас – әрине, «бергенінен берері көп» «Елбасының сенімді қадрлары» үшін түк емес. Дегенмен, жас ұлғайған сайын адамның қырағылығы азая ма, әлде Сапарбаев өзі айтқан жастар тәрбиесіне көбірек ойысып кетті ме, соңғы кездері әкімнің өз кадрлары туралы жағымсыз ақпараттар жиілеп кеткен сияқты.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында тәртібі жиі талқыланып кеткен ақтөбелік шенеуніктердің ең бергісі – 23 қаңтар күні ғана төрт жылға сотталған ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қалмағамбет РАХМЕТОВ ісі. Жұмыс орнында 1,5 млн теңге көлемінде пара алды деп айыпталған шенеунік өзіне тағылған айыппен келіспейді, арандатушылық деп отыр. Оның адвокаттары сотқа аппеляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Алматыдан бір жыл бұрын ғана ауысып келген шенеунік зейнет жасына бір аттам жер қалғанда (жасы 61-де) Ақтөбеге сорға бола барды-ау дегің келеді. Бәлкім, мұнайлы, бай өлкеден зейнетке шықсам мақтаулы әкім Сапарбаев иығыма алтын жағалы шапан жабар деді ме екен…
Дәл осы сот үкімі шығып жатқанда облыстық Әдеп жөніндегі кеңесте тағы бір мәселе – ішімдік ішіп алып, шу шығарған шенеуніктер ісі қаралды. Әйтеке би аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Темірбек ШҮЙІНШИН бастаған бір топ шенеунік мас болып қалып, кафедегі жұрттың мазасын алып, балағат сөздер айтқан. Бұл жай күні емес, өткен жылдың жазында, шілденің 6-сы күні — қосарлы мереке қарсаңында орын алған. Бәлкім, басқа күні бұлай «еркелесе» кешіріммен қарауға да бола ма еді… Елорданың 20 жылдығы деп сыйлығын арқалап, артынып-тартынып Астанаға кеткен облыс басшысының жоқтығын пайдаланғысы келген болар, мерекелік көңіл-күймен біразға барған шенеунік аудандағыларға («свои же») заң жүзінде жазалаңдар деп, отырыста кінәсін қасқайып тұрып мойындапты.
Екінші мәселе – Алға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ескендір БЕКІШ көлікке мас күйінде отырған. Әдетте, өзіне сенімді шенеуніктер аздап ішкен күйде рөлге отырып, ұсталған жағдайда «шешіп» кетуге мүмкіндіктері мол болатын. «Қарындасының құдалығынан келе жатқан» шенеунік бәлкім өзінің кім екенін айта алмайтындай жағдайда болған шығар, сірә.
Сәл арыға көз салсаңыз желтоқсанның ортасында болған жағдай – қарамағындағы қызметкерге қол көтерген шенеунік ісі менмұндалайды. Ауылшаруашылығы министрлігінің Ақтөбе облыстық инспекция басшысының орынбасары Ерлан ОРЫНБАЕВ ісі де тәртіптік кеңесте қаралған. Орынбаев шын ашуланған болу керек, басқа емес, әйел адамға қол жұмсапты. Мекемедегі кадр бөлімінің қызметкері Гүлмира ЖИДЕБАЕВА бастығының өзін жеке кабинетке кіргізіп алып, айқайлап, «өлтірем» деп қорқытқан және басы мен иығына жарақат салған. Арызданушының айтуынша, шенеунік келіншекке «сантехникті бастыққа жамандадың» деп шүйіліпті. Соған қарағанда, бұл жерде қызметін асыра пайдаланудың тағы бір түрі – тамыр-таныстық мәселесі де көрініп қалады…
Кеңес 25 адамнан тұратын ұжымды да дұрыстап басқара алмайды деген айыппен шенеунікті жұмыстан шығару туралы ұсыныс айтты. 25 адамды басқару тұрмақ, өз басын әрең алып жүрген адамдарды көргенде, бір облысты шып-шырғасын шығармай басқару – Бердібек Мәшбекұлына да оңай емес-ау деп ойлайсың.
Одан ары тағы бір ай аттасаңыз – қызметтік көлігімен шекара асып қыдырып жүрген шенділер ісіне кезігесіз. Олар да Сапарбаевтың кадрлары. Біздегі заң бойынша, қызметтік көлікпен, тіпті, дүкенге баруға болмайды. Хромтау аудандық ветеринариялық станциясының басшысы 13-маусым күні, ал, 15 маусым күні Қобда аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Ресей Федерациясының Орынбор облысы Ақбұлақ ауданында тұратын туысына барған. Екеуі екі аудандық бас мал дәрігері. Мемлекеттік нөмірі бөлек демесеңіз, көліктері де бірдей. Екеуінің туыстары да Орынбор облысы, Ақбұлақ ауданында тұрады Сапарларының аралығы да екі-ақ күн. Екеуі бір жерге бармады ма екен деген қызығушылық туады.
Шекарадан қызметтік көлікпен заңсыз өткен тағы бір оқиғаның кейіпкері де ветеринария саласының маманы – «Республикалық ветеринариялық зертхана» Ақтөбе облыстық филиалының басшысы. Тегі, Бердібек мырзаға мал дәрігерлеріне «қызметтік көлік – астыңдағы жекеменшік атың емес, шекара бұзбаңдар» деп арнайы ескерту керек-ау. Бұларды арнайы атап отырғанымыз – үшеуінің де бір сала мамандары болғаны. Әйтпесе, бұдан бөлек те бірнеше шенеуніктің осындай жағдайға қатысты тәртіп бұзғаны анықталған. Ресей шекарасынан өткен Ақтөбе қаласы әкімдігінің, Хазрет ауылдық округінің, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің қызмет көліктері тіркелген.
Тізе берсек, ұсақ-түйек шенеуніктердің ісіне де араласып кетуге болады. Бір анығы – Әдеп кеңесінің облыстық департаменті соңғы уақыттарда шенеуніктер ісін жиі қарап кеткендей көрінеді. Оның ішінде ең жиі түсетін шағым – ауыл әкімдері мен жергілікті мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің азаматтардың сұрағына жүрдім-бардым жауап беретіні, дауыс көтеретіні, ар-намысына тиетіні, мемлекет мүлкін жеке басына пайдаланатыны төңірегінде көрінеді.
Айтпаса болмайтын, тағы бір жағдай – әдеп кеңесі өткен күзде ғана Ақтөбе облысы фармация басқармасы басшысының орынбасарын жұмыстан шығару туралы шешім қабылдады. Өйткені, бұл шенеунік бүйрегін ауыстырған науқасқа көмектесу үшін табылуы қиын, аса қажетті дәрі тауып беріпті. Тауып бергенде, қызметін асыра пайдалану арқылы дәрішіден сұратып алған. Ал, бұл жағдай өзге науқастар үшін қатерлі саналады. Өйткені, өзі де есептеулі дәрі-дәрмек таусылып қалған жағдайда өзге науқастардың өміріне қауіп төнуі мүмкін көрінеді. Шенеуніктің ісі, бір қарағанда, игілік болып көрінгенмен, қызметін асыра пайдаланудан бөлек сыбайлас жемқорлық туралы күмән тудырады. Және бір күмән – облыстағы дәрі-дәрмек тапшылығы…
Бердібек Сапарбаев өз кадрларының не істеп, не қойғанын және ол іске не себепті барғанын бір зерттеп көрсе… Қызметтік этикадан да басқа мәселелерді қозғап, біраз шаруаның оңды шешілуіне септігін тигізуі де мүмкін ғой. Облыс басшысына «жастарды тәрбиелеуден» гөрі, қол астындағы шенеуніктердің тәрбиесі маңызды болып тұрған сияқты. Ал, жастар тәрбиесі туралы зейнетке шығып алғаннан кейін де ойлауына болады ғой…
Алмас Нүсіп