«ҚАЛАМГЕРДІҢ» ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

2425
Өткен жылы Шымкентте ақын-жазушылардың «Қаламгер» атты қоғамдық бірлестігі құрылғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Оған егемен елімізге белгілі жазушы, тарихшы, шежіреші, сан түрлі тақырыпта жазылған ондаған кітаптың авторы Момбек Әбдәкімұлы жетекшілік етеді.
Ағымдағы жылғы ақпан айының алғашқы жексенбісінде аталмыш қоғамдық бірлестіктің кезекті басқосуы болып өтті. Шымкенттегі Абай атындағы қалалық орталық кітапханада өткен жиынға елушақты адам қатысты. Жиынды ашып, алғашқы болып сөз алған «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ:
-Біздің қоғамдық бірлестік былтыр біраз ізгілікті де игілікті іс-шаралар өткізуге ұйытқы болдық. Ұстаз-ақын, Физули атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың иегері Құрал Көмекұлы Тойғанбайдың 60 жасқа толған мерейтойын кең көлемде атап өттік. Соның құрметіне түбі бір туысқан түркітілдес елдерден келген 21 ақын-жазушының қатысуымен Түркі әдебиетінің форумын ұйымдастырдық. Қадірменді қонақтарды Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев қабылдады. Алты университетте кездесулер өтті.
70 жасқа толған жазушы драматург Захардин Қыстаубаев пен сатирик жазушы Мұхтар Жұмашұлы Шерімовті «Үздік шығармасы үшін» медалімен марапаттадық. Болашақта бірлестігімізге мүше азаматтардың бәріне арнайы куәлік пен белгіше (значок) беретін боламыз. Бір жылдық мүшелік жарна мөлшерін 10 000 теңге деп белгіледік. Бүгінде біз өз мүшелеріміздің бәрінен шығармашылық ғұмырбаян жинастырудамыз.
Биылғы жоспарларымыз да ауқымды. Шымкент қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат басқармаларымен, сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу ниетіндеміз. Мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу да ойда бар тірлік. «Қаламгер» атты портал мен сайт, сондай-ақ whatsapp әлеуметтік желісін ашу да көзделуде. Осылайша блогерлік жұмыс өрістетілмек. Баннерлер мен бейнероликтер жасаймыз. Жазушы-драматург Захардин Қыстаубаевтың кітаптарын насихаттау бойынша арнайы оқулар өткіземіз. Өзімнің 60 жасқа толған мерейтойыма орай әдеби конкурс ұйымдастырмақшымын. Мәдениет саласының майталманы Асқар Әлихан мен журналист-жазушы Слам Нұрмағамбетовтің 70, Шымкент қаласындағы қуыршақ театрының директоры Бақтияр Спанов, ақын Еділбай Көшербай мен тіл жанашыры Қабыл Дүйсенби секілді құрдастарымның 60 жасқа толған мерейтойларын да атап өтпекшіміз. Дәл осында жас ақын Сүндет Сейітовтің «Мәрия» атты кітабының тұсаукесер рәсімін ұйымдастырамыз. Осы орайда айтарым, басқосу барысында тек сол кітапты оқығандарға ғана сөз берілетін болады. Авторлардың әдеби-көркем дүниелерін алдын ала оқып көріп, кейіннен баспаларға ұсынатын боламыз. Шаруашылық есептегі шағын мекеме құрып, газет, журнал, кітап шығару жұмыстарын қолға алып, оларды сататын дүкендер желісін ашамыз.
Қарт қаламгер Еркінбек ТҰРЫСОВ:
—Соңғы кездері әдебиеттің қоғамнан алыстап, алшақтап кеткені өкінішті жағдай. Қаламгер қауымның бір-бірімен бұрынғыдай қауқылдасып қауышуы тым қиындай түскені жасырын емес. Кітапханалардағы кездесу кештерін, тұсаукесер рәсімдерін айтпағанда, өзара жүздесіп, сырласуымыздың өзі мұңға айналды. Кітап — киелі нәрсе. Әдебиет — құдіретті де қастерлі ұғым. Кез келген ел өзінің қазба байлықтарымен емес, ең алдымен руханиятымен, былайша айтқанда, әдебиет, мәдениет, өнерімен мақтана, марқая алады.
Сонау бір қиын-қыстау 1943 жылдың қақаған қаңтар айы әлі есімнен кетпейді. Ол кезде 14 жасар баламын. Қан майданнан келетін қаралы хабарлар мен «қара хаттарда» толас жоқ. Оларды елге естіртудің өзі азап. Сондай бір кезеңде Оңтүстік өңіріне қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі жыршы-жырау Иса Байзақов келген. Ол кісі таңды таңға ұрып домбыраның шанағынан тамылжыта жыр төгетін. Сонда дүйім жұртпен бірге «Арқалық батыр» жырын тыңдағанымыз бар.
Таразда өткен алқалы басқосулардың бірінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов інілік ілтипат танытып иығыма жүз мың теңгелік шапан жапқаны бар. Ақын жерлесіміз Орынбасар Шойынбайұлы мәнерлеп өлең оқығанда ерекше тәнті болған мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді оның иығына да дәл сондай қымбат бағалы шапан жапқаны бар. Мұны әдебиетке деген құрмет деп түсіну керек.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары еңсесі езілген қаламгер қауымның екінші тынысын ашқан сыңайлы. Жүздің ауылында жүрсем де қолымнан киелі қаламымды
тастаған емеспін. Ұлағатты ұстазым, күншуақты өңірімізге келгенде жанында жүру бақыты бұйырған Мұхаң, Мұхтар жайлы «Әуезовтің ақ таңы» атты пьеса жазған едім. 15 кейіпкері бар драмалық туындымды оқып көріп, өздеріңіздің пікірлеріңізді айтарсыздар деген ойдамын.
Жазушы-драматург Захардин ҚЫСТАУБАЕВ:
—Бүгінде қазақ қаламгерлерінің әдеби-көркем туындылары төрткүл әлемнің ағылшын, француз, неміс, орыс, араб, қытай секілді алты тіліне аударылу үстінде. Қазақстан Жазушылар одағының басқармасындағылар өздерінен басқа ешкімді елегісі келмейді. Өйткені, бұл жоба-жоспарға Оңтүстіктен кімнің туындысы енетінін ешкім білмейді. Қазіргі әдебиет мүлде басқа. Социалистік реализм деген жайына қалған. Түрік, жапон, ағылшын әріптестеріміздің шығармаларын оқысаңыздар, бұған әбден көз жеткізесіздер. Өмір шындығы қаламгер қауымды қатты толғантуы тиіс. Қаладағыларда мейір-шапағат жоқ, қиянат көп дейміз. Оны айтасыз, алтын бесік саналатын — ауылдың өзінде, ондағы адамдардың психологиясы да үлкен өзгеріске ұшырап отыр. Мемлекеттің «Сыбаға» бағдарламасы мен субсидия, тағы басқа да жеңілдіктердің рақатын кімдердің көріп отырғаны белгісіз. Жылқының, қызғалдақтың қадіріне жетіп жүрміз бе?! Жастар жағы бүгінде кітаптан гөрі Интернет, әлеуметтік желі мен ұялы телефонға үйірсек.
Ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ:
—Қазір жүз баланың біреуі кітап оқыса қуануымыз керек. Өйткені, Интернет, әлеуметтік желі дегендер киелі саналатын — кітапты ығыстырып тастауда. Жастар жағы қоғамдық өмірден алшақтап кеткен. Сол себепті әдеби көркем кітаптарды оқытудың жаңа, тың әдістерін табу керек сыңайлы.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, ғалым, филология ғылымының кандидаты Сейдалы ОРАЗАЛИЕВ:
—Жастарды кітап оқуға тарту үшін оларды ынталандыру шараларын батыл түрде қолға алу керек. Мәселен, Абай оқуларын алайық. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық роман- эпопеясын оқыту үшін арнайы бәйге жариялап көргенбіз. Шәкірттерге 200 сұрақ қойып, әр сұрақтың дұрыс жауабы үшін 1 000 теңгеден сыйақы белгіледік. Бізге республикаға танымал журналист Қуанышбек Ботабек 200 000 теңге қаржылай көмек көрсеткені бар. Сондағы жастардың құлшынысын көрсеңіздер. Ендеше, дәл осындай әдіспен де оқырмандардың ойын өрістетуге болады екен ғой.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, ғалым, филология ғылымының кандидаты Абай ҚАЛШАБЕК:
—2016 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Әдебиет ғылымына кіріспе» атты кітабым жарық көрген. Сонда социалистік реализмге жан- жақты талдау жасағанбыз. Осы орайда қоғамдық бірлестіктің арнайы басылымы болғаны жөн демекшіміз.Жалпы, қаламгер қауымның әдебиет теориясын терең түсінгенін қалар едім.
Ғалым, физика-математика ғылымының кандидаты, доцент, жазушы Шаруа ПІРМАТ:
—Сананы тұрмыс билеген бүгінгі нарықтық заманда кез келген нәрсе ақшамен өлшенетін болды. Сол себепті «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің жанынан шаруашылық есептегі шағын ұйым мен дүкен ашу керек сияқты. Мұны айтып отырған себебім, өзімнің «Бүкпесіз әңгімелер» сериясымен жарық көрген «Иі жұмсақ келіншек», «О дүниенің есігін қағу» деп аталатын кітаптарымды сауда дүкендері мен дүңгіршектерге 450 теңгеден өткізгенмін. Ал олар сол кітаптарды 750-950 теңгеден сатып, қып қызыл пайда тауып отырған жағдайы бар.
Жас ақын Сүндет СЕЙІТОВ:
—Кезекті, екінші «Мәрия» деп аталатын жыр жинағымды шығаруға журналист, кәсіпкер әпкем Бейсенкүл Нарымбетова ханым қаржылай көмектесті. Оған алғыстан басқа айтарым жоқ. «Бүгінгі жастар кітап оқымайды» деген пікірмен келісе алмаймыз. Жеке өзім ағылшын, француз, қытай классик ақындарының шығармаларын үзбей оқимын. Үйренемін, үлгі етемін.
Журналист-ақын Атанбек НАУРЫЗ:
—Кітап материалдары мен оқырмандарды зерттеу мақсатында арнайы фейсбук парақшасын ашқанмын. Сөйтіп, «Құдағиыңызды сыйлай білесіз бе?», «Келініңізді еркелетесіз бе?», «Жетімдерді жебейсіз бе?», «Жігіттерді жеңгелері оятқан жөн бе?» деген секілді сауалдар тастап, олардан сан түрлі жауаптар алудамын. Сол себепті кез келген қаламгердің шығармасы бойынша да дәл осындай сұрақ-жауап ұйымдастыруға болады демекшімін.
Ұстаз-қаламгер Үрліхан САПАРБЕКОВА: —Мамандығым математик болғанына қарамастан, әдебиетке деген құштарлығым айрықша. Туған жер, тәлім-тәрбие мәселелеріне қатысты жазылған төрт кітабым бар. Алдағы уақытта да осындай жиындарыңызға үзбей қатысуға әрекет жасаймын.
Ұстаз-музыкант Қалмахан ОМАР:
—Дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттау мақсатында «Бабалар аманаты» атты тарихи-танымдық, әдеби-мәдени жоба ұйымдастырып жүргеніме бес жылдың жүзі болды. Алматыда «Алатау» атты дәстүрі өнер театры бар. Дәл сондай өнер ұжымын Шымкентте де ашуға болады демекшімін. Осындай өткір де өзекті мәселе жөнінде сөз қозғап, Шымкент қаласының әкімдігіне жазған хатыма ондағылар алты айдан кейін хабарласып:«Балалар аманаты» атты жобаңыз бойынша Сізді қала әкімінің қабылдауына шақырамыз», —дегенде таң қалып, еріксіз жағамды ұстауға мәжбүр болдым. Енді бабалар мен балаларды ажырата алмағандардан не үміт, не қайыр. Қазіргі жастар Қайрат Байбосыновты жыға танымайды. Есесіне Қайрат Нұртас десе өре түрегеледі. Аспандағы жұлдыздардан жердегі «жасанды жұлдыздар» көбейген заманда бұған не дерсің?
Жас қаламгер Салтанат АБЫЛБЕКОВА:
—Көршілес Қызылорда облысында дүниеге келгенмін. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің журналистика факультетін бітіргенмін. Бүгінде Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетінде тілші болып қызмет істеймін. «Өмірдің өзі театр» атты кітабымды оқып көріп, пікір білдірулеіңізді сұранамын.
Жиын барысында сондай-ақ журналист Әлия ОРТАЕВА, ақын Орынбасар ШОЙЫНБАЙҰЛЫ, арабист Ғалым ҚАСЫМБЕК, жазушы, аудармашы Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ, тіл жанашыры Қабыл ДҮЙСЕНБИ сөз сөйлеп, өздерінің қоғамдық бірлестіктің жұмысына белсене атсалысатындықтарын білдірді.
Басқосуды қорытқан Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ:
—Қоғамдық бірлестікке мүшелікке ұмтылғандар көп болғанымен, жарна төлеудің жағдайы төмен. Әзірге жеті-ақ адам мүшелік жарна төлеген. Алда Шымкенттің 2 200 жылдық тарихын бедерлейтін кітап жарыққа шығады. Алты-жеті жас ақынның кітабын шығару да жоспарда бар. Алла бұйыртса, арнайы басылымымыз да болады. Шәкең айтқан кітап дүкенін де ашатын шығармыз. Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген Қалмахан Омардың «Бабалар аманаты» атты жобасына қолдау көрсетуіміз керек. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың қолдауымен былтыр он ақын-жазушының кітабы жарық көрген. Өкінішке орай, олардың авторлары төрт айдан бері қаламақы есебінен берілген 200 кітапты ала алмай, тұсаукесер рәсімін өткізе алмай отыр. «Түркістанның жас таланттары» жинағына 12 автордың еңбегі енген. Олар да дәл сондай күй кешіп жүр. Айта берсек, әдебиеттің әңгімесі таусылмасы анық. Келесі басқосуымызды сәуір секілді тәуір айда жалғастыратын боламыз.
Дана халқымызда: «Әдебиет – ардың ісі», «Айтарың болмаса, әдебиетке келме» деген тамаша тағылымдық сөздер бар. Ендеше, әдебиеттің әңгімесі бір күндік тірлік емес. Осы орайда біз де күн өткен сайын қатары көбейе түскен «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі жұмысының жемісті жалғаса беруіне шынайы тілектестік білдіріп қаламыз.
Әбдісаттар ӘЛІП.
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.