Қырғыз парламенті көршілерге су сатуды тағы көтерді

1508
Қырғызстан парламенті Өзбекстан мен Қазақстанға су ресурстарын пайдаланғаны үшін ақы алуды көтерді.
Қырғызстан парламенті «Қырғыз Республикасының кейбір заң актілеріне (Су кодексі, «Су жөніндегі» заң) өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда қарап жатыр. Талқылау барысында Өзбекстан мен Қазақстанға суды ақылы ету мәселеі тағы көтерілді.
— Қырғыз су қоймасынан жыл сайын 22 млрд текше метр су Өзбекстан мен Қазақстанға ағады. Яғни судың 80 пайызы көршілерге кетеді. Таяуда біз Тоқтағұл су қоймасын жөндеуден өткізуге 450 млн доллар қаржы қарастырдық. Неге үкімет осы ақшаны көршілерден сұрамайды? — деді депутат Үмбетәлі Қыдыралиев.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Жаныбек Керималиев егер парламент аталған заң жобасын қабылдаса, онда көршілерден суды пайдаланғаны үшін ақша талап ете аламыз деп жауап берді.
Керималиевтің айтуынша, Қазақстан осыған дейін суды қолданғаны үшін 75 млн теңге (197 мың 474 доллар) төлеп келсе, қазір 119 млн теңге (313 мың 326 доллар) төлейді.
Қаржы министрінің орынбасары Улукбек Каримшаков көрші елдер қазір су қоймасының жөндеу жұмыстары үшін ғана ақша беретінін айтады.
2007-2008 жылдары суды пайдалануды реттеу мәселесі көтерілген. Енді қазір қырғыз парламенті қарап жатқан заң жобасы қабылданса, Қазақстан мен Өзбекстан қырғыз суын пайдаланғаны үшін ақша төлейтін болады.
Дереккөз:Abai.kz