ТІЛАШАР БІЗДЕ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

1826
Өзбекстанда тұратын кезіміз. Ақсақалдар ауыл орталығындағы дүкен алдына жиылып, әңгіме-дүкен құратын. Бір күні сауда үйінің алдынан өтіп бара жатып, ақсақалдарға сәлем берейін деп бұрылдым. Өзара әңгіме етіп тұрған ақсақалдарға «Ассаломалейкум» деп бас изедім. Құрал жәкем:
Ау, Намазбай, — деп мені тоқтатты. Артыма бұрылып:
Тыныштық па, жәке? – дедім.
Бері кел, — деген соң қасына жақындадым. Бетіме күлімсіреп тұрып:
«Саламат болыңыз ағай» деші, — деді.
Неге деген ем, «Айт деген соң айтсайшы» деп сөзін тағы қайталады.
Саламат болыңыз ағай, — дедім. Бір рахаттанып күлді. Жанындағы ақсақалдар неге күлгеніне таңырқап қалды. Ол кісі менің де таңырқап тұрғынымды сезсе керек, бір кезде маған:
«Төрт» деген ауылда 1965-1966 жылдары тұрғаның есіңде ме? – деп сұрады.
Екінші сыныпқа дейін оқығаным еміс-еміс есімде, — дедім. Ол кісі маған:
Бірінші сыныпта сендерді Тырысбек деген мұғалім оқытқан еді. Екінші класта менің сабақ бергенімді білесің бе? – дедім.
Иә, — дедім. Бір кезде қасындағы кісілерге қарап:
Мұның тілі өте кеш шықты. Көп болдар «р» деген әріпті дұрыс айта алмаса, бұл үш-төрт әріпті дұрыс айта алмайтын еді. Мұның тілін қызық көргенім сонша ең алдыңғы партаға отырғызып қойдым. Сабақ бермекші болып класқа кіріп келгенімде, оқушылар бірден орнынан тұрып:
Саламатсыз ба, ағай? – деп бәрі бірдей салем беруші еді. Солардың арасынан мұның сөзі өзгеше естілуші еді» деп, өткен күндерін есіне түсірді. Оның сөзіне көпшілік қызығушылық танытып «Намазбай қалай салемдесуші еді?» деп сұрады. Ол кісі маған күлімсіреп қарап тұрып: «Самалет болыңыз ағай, — деуші еді» деп бір топ адамды ду күлдірді. Мұның тілін қызық көріп, тақтаға шығарып «Есімің кім» деп әдейі сұраймын. Сонда ол саспастан» Мамазбай» деп жауап береді. Тілі келмесе де алғырлығынатәнті болатынмын. «Дөңгелек» деп айт десем, «Гөңгелек» деп тағы күлдіреді. Бірақ, өзі күлмейді. «Шегіртке» деген сөзді «Шертан» деп қысқа қайырады. Екінші сыныпты бітірер-бітірмес көшіп кетті. Орны ойсырап, білініп қалды. Құдды бір қимас досымнан айырылғандай күй кештім» деген ұстазым, балалық бал дәуренімді еске түсіріп қойды.
Бүгін ойлап қарасам, ұстаз үшін біз өмір бойы бала болып қала береді екенбіз-ай. Иә, Көзбаев Құрал ағайдың бұл әңгімесін естіген замандастары көпке дейін мені көрсе күліп жүруші еді.
Намазбай ҚАНДӘУЛЕТОВ,
Шұбарсу ауылы.