Сапарбаев сүйреген кадр пара алу күдігіне ілікті

1139
Зейнеткерлікке шығуына небәрі екі-ақ ай қалған ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам ӘБІШЕВ 60 млн. теңге алды деген күдікке ілінді.
Жалпы алғанда бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы ауданының әкімі, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары, Өскемен қаласының әкімі қызметтерін атқарған Ислам Әбішевтың басынан соңғы жылдары дау кетпеді десе де болады. Өзіне тиесілі «Батсу» корпорациясының президенті қызметін атқарып жүрген жерінен Ислам Әлмаханұлын 2000 жылы алғаш рет мемлекеттік қызметке тартып, Ордабасы ауданы әкімі етіп тағайындаған Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Бердібек САПАРБАЕВ болатын. Кейінірек Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін И. Әбішев Өскемен қаласы әкімінің креслосына отырды.
Ол ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресустары комитетіне төраға болып екі мәрте тағайындалды. Осы қызметінде жүргенде 2012 жылы сонау комсомол кезінен келе жатқан досы, «Қ. Сәтбаев атындағы канал» РМКК-ның директоры Тұрғанбай СӘРСЕНБАЕВ «Ислам Әбішев Қарағандыға келген сапарында туған күніме аста-төк дастархан жай деген соң 98 мың теңгеге дастархан жасадым, одан әкімдікте өтетін жиналысқа қатысатын болғандықтан маған костюм-шалбар сатып алып бер деп тікелей тапсырма берді, амал жоқ, костюм-шалбар алып бердім» деп, айыптаған болатын. Бірақ, бұл айыптар кейіннен дәлелін таппады.
Алайда, 2013 жылдың шілде айында Су ресустары комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Бірақ, бір жылдан кейін Ислам Әбішевті президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі қабылдап, 2014 жылдың тамыз айында қызметіне қайта тағайындалды. Жалпы алғанда Ислам Әбішев Оңтүстікте, Шығыста қызметте жүргенде іскерлігімен танылып жаңашыл басшы атанғаны да жасырын емес.
Енді бұл жолғы дауда Ислам Әбішев 60 миллион теңгені конкурстан «откат» ретінде алған көрінеді. Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы Соколов топтық су құбыры мен ауылдық жердегі су тарату жүйесінің құрылысын жаңғырту бойынша 6 млрд теңгеге конкурс ұйымдастырылған. Комитет төрағасына берілді делінген 60 миллион теңге сол конкурс үшін берілген «ауызбастырық» сияқты. Сонда Әбішевке 6 млрд теңгенің 1 пайызы берілген болып тұр ғой.
Сондай-ақ, ол «откатты» тікелей өзі алмағандығы және оның бөлшектеп берілгендігі де айтылады. Алғашқы 10 миллион теңгесі екі бөлініп, «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті Серік ТӨКЕЕВ арқылы алған. Ислам Әбішев дәл осы федерацияның президенті қызметін қоса атқарып жүрген болатын. 60 миллион теңгенің ең соңғы бөлігі, яғни, 50 миллион теңге 14 наурыз күні Ислам Әбішевтің інісі, Түркістан облысының бизнесмені Қаныбек ӘБІШЕВКЕ берілген көрінеді. Содан соң Су ресурстары комитетінің төрағасы қамауға алынған. Айта кетейік, «Су ресурстары комитетін жеті жылдай басқарып келген Ислам Әбішевті сол кездегі министр Асылжан МАМЫТБЕКОВ тағайындаған болатын. Ауылшаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарып жүрген А. Мамытбековтың өзі жақында жұмысынан босап қалды. Оның қызметінен кетуіне бұл жағдайдың қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Дереккөз:zhasalash.kz