Инфекцияны анықтайтын тест саудасы қызып тұр

868
Тұрғындар тиімділігі белгісіз сынамаларды жапа-тармағай сатып алу үшін тапсырыс беруде.
Елімізде енді кез келген азамат коронавирусты анықтау үшін ақылы сынама тапсыра алады. Тесттің құны 5 мың теңге. Бірақ, мұндай құрылғылар әлі республика аумағына әкелінген жоқ. Осы ұрымтал тұсты пайдаланғысы келген кейбір алаяқтар, интернетте «тест» саудасын қыздырып тұр. Бағасы да қолжетімді.
Дәл осындай ақпаратты естіп алған тұрғындар, тиімділігі белгісіз сынамаларды жапа-тармағай сатып алу үшін тапсырыс беруде. Ал, денсаулық сақтау министрлігі мұндай жарнамаға сенбеуге шақырады.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Коронавирусқа сынама тапсыруға болады» деген ақпарат шыққалы он күннің ішінде интернетте мынадай жарнамалар қаптап кетті. Тіпті, қауіпті инфекцияны анықтайтын құрылғы «америкалық» және «қытайлық» болып екі топқа бөлінеді екен. Онлайн саудада мұхиттың арғы жағында шығарылған тауарға деген сұраныс жоғары. Оны сатушылармен сөйлесу барысында білдік.
«Біз кем дегенде 100 дана тестке тапсырыс қабылдаймыз. Бір қорапта 25 тест сынамасы бар. Салмағы 1 келіге жуық болады. Иә, мен сізді түсінемін. Сенбесеңіз, сізге құжатым мен суретімді жібере аламын. Бұл салада бірінші жыл жұмыс істеп жүрген жоқпын. Біздің тиісті сертификатымыз да бар. Ол лицензияны бізге компания берген. Біз сынаманы шығаратын зауытпен тікелей алып, клиенттерге жібереміз».
Бір байқағанымыз, 2 жарым мың теңгеден басталатын тестті саудалайтындар 100 данадан кем тапсырыс қабылдамайды екен. Ал, 1 000 данадан жоғары тауарға тапсырыс берсең, жеңілдік жасаймыз деп сендірді. Бірақ, ақысын төлегеніңізбен, сынама қолыңызға тиюі екіталай.
«Здесь нам пришли образцы тест на коронавирус мы будем проверять вместе с вами. Завод упаковал очень хорошо. В одной упаковке идет 25 тестов».
Тестке тапсырыс беріп, соңында жер сипап қалған тұрғындар, мұндай алаяқтар төлем өздерінің есепшотына түсе салысымен бірден әлеуметтік желідегі парақшаңызды бұғаттап тастайды, — деп отыр.
«Сіңілім осы аккаунттан тапсырыс беріп, ақшасын жіберіп қойған еді. Бірақ, алаяқтар екен. Адамдарға ескерту керек, оларға ақша жіберген соң, сені бұғаттап тастайды. Құжаттарын, карта кімнің атында екенін бәрін білеміз».
«Анисептик, маска, тест сатамыз деген парақшаны көзім шалып қалды. Тапсырыс бермек болып жаздым. Ол кісі маған барлық тауарының тізімін жіберді. Бағасы да өте арзан болған соң, алғым келді. Бірақ, олар бірінші ақшаны жіберуімді сұрады. Мен келіспедім. Себебі, ақшамды алып, алдап кетуі мүмкін деп ойладым. Кейін олар мені бұғаттап тастады. Осындай қиын жағдайда, адамдар алданып қалмаса екен».
Азматтардан Covid-19 инфекциясына сынама қабылдау еліміздегі ірі лабораторияға сеніп тапсырылды. Зертхана басшысы Ерлан Сүлейменовтың сөзінше, қазір шетелден 100 мың дана тест сатып алуға өтініш берілген. Ескере кететін жәйт, сынама бұрын соңды жұқпалы дертпен ауырған азаматтарға тегін жасалады.
«Біз 100 мың тестке тапсырыс бердік. Келген сынамалар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына теңдей бөлінеді. Болжам бойынша, сәуір айында тест қабылдай бастаймыз. Сондай-ақ, ақылы сынамалар өзге де жеке лабораторияларда жүргізіледі.
Бірақ, тұрғындардың коронавирусты анықтайтын тестті қай күні тапсырады деген сұрақтың басы әлі ашық тұр. Бір белгісі, сынама алу құралы елімізге келісімен бірінші кезекте науқастармен байланыста болған медициналық ұйымдардың қызметкерлері, карантиндік аймақта қызмет көрсетіп жүрген жұмысшылар, полиция, өрт сөндірушілер, әскери қызметкерлер сынды азаматтардан алынады. Сондықтан, әкелінген 100 мың тест қарапайым адамдарға жетпей қалуы да мүмкін.

Дереккөз:kaz.zakon.kz