Шардарада елімізде баламасы жоқ бірыңғай ахуал орталығы ашылды

1377
Түркістан облысы, Шардара аудандық ауруханасында баламасы жоқ «Бастапқы медициналық-санитариялық көмек бойынша ахуал орталығы» ашылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың тапсырмасымен ашылған орталық емхана және стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсартуға ықпал етпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Сала мамандарының айтуынша, жаңа орталық ең алдымен бастапқы медициналық-санитариялық көмек бойынша жұмыс істейді. Оның міндетіне  медициналық мекемелер мен дәрігерлердің жұмысы туралы ақпаратты қадағалау және өңдеу кіріп отыр. Ал, толықтай цифрлық жүйеге қосылған ахуал орталығы Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының базасында ашылған болатын. Бұл жүйе аймақтың денсаулық сақтау саласын бақылау мен басқарудың тиімді құралы болып танылып отыр. Яғни, әрбір аудан бойынша медициналық мекемелердің шұғыл әрекет ету шараларын қолдану арқылы онлайн талдау жүргізіледі.
Орталықтың жұмысымен танысу үшін аталған ауданда «Даму» қорының Нұр-сұлтан қаласы мен Түркістан облысы бойынша аймақтық өкілдерінің қатысуымен арнайы семинар өтті. Екі күнге созылған жиынға 20 медициналық ұйымның 40-тан астам қызметкері қатысып, жаңа жүйені қолдану әдісін үйренді. Басқосуда облыстық рейтингтің онлайн талдау модулін қосу, сондай-ақ БМСК және стационар қызметтерінің дамуына талдау  жүргізілді.
Шардарада елімізде баламасы жоқ бірыңғай ахуал орталығы ашылды
Айта кетейік, алдағы уақытта дәл осындай орталықтар Түркістан облысына қарасты барлық медициналық мекемеде ашылады деп жоспарланып отыр. Осылайша бастапқы медициналық-санитариялық көмек жұмысы аудан орталықтарынан шалғай ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталады.
Шардарада елімізде баламасы жоқ бірыңғай ахуал орталығы ашылды
«Біз кешенді медициналық ақпараттық жүйемен (КМАЖ) жұмыс істейміз. Бұл жүйе әрбір медициналық мекеме жұмысының барлық аспектілерін қадағалауға мүмкіндік береді. Біз қандай да бір маманға қабылдаудың орташа уақытын, көмек сұрап келгендердің санын, олардың диагноздарын, үйге шақыруларды орындау уақытын, Патронажды және т.б. тұстарын толық көріп отырмыз. Осылайша, дәрігерлік қызметтердің сапасын арттыруға ден қоя аламыз. Бұл онлайн режімінде өңіріміздегі барлық медициналық мекемелерде не болып жатқанынан хабардар болуға мүмкіндік береді. Осы арқылы емханалар мен ауруханалардағы жүктемені біліп және медициналық қызметкерлердің жұмысын толық бақылай аламыз»,- дейді ахуал орталығының үйлестірушісі, Шардара аудандық ауруханасының бас дәрігері  Жанар Оспанова.
Шардарада елімізде баламасы жоқ бірыңғай ахуал орталығы ашылды