«ӘЗ НАУРЫЗ ЖЕЛМАЯСЫ ІЗГІЛІКТІҢ»

2231
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №16 кітапхана бөлімшесінде Ұлыстың ұлы күніне арналған жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Көктемнің шуақты мейрамын тойлай отырып, бабалар рухына тағзым етіп, рухани құндылықтарды сақтау мақсатында «Әз Наурыз Желмаясы Ізгіліктің» атты кітап көрмесі онлайн режимінде оқырмандарға таныстырылып, кеңінен насихатталды.
Наурыз — қазақша жыл басы, ауыртпалықтың барлығы қыспен бірге кетіп, жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн.Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Наурыз деген жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», — деген сөздері қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Ұзақ жылғы үзілістен кейін 1988 жылдан бастап, бүкіл республика жұртшылығы Наурыз мейрамын зор қуанышпен атап өтетін болды. 2001 жылдан бері мемлекеттік мейрам ретінде жарияланды.Бұл мейрамды берекелі етіп тойласа үйге ырыс пен бақ келеді деп сенген. Қазақ халқында:
«Ұлыс күні қазан толса,
ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
сонда олжалы болар»
деген даналық сөз бар.
Ұлыс күнi — татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Кітапхана меңгерушісі Зәуре Шымырбаева оқырмандарға шығыс халықтарының төл мерекесі Әз-Наурыз туралы, сән-салтанат, салт-дәстүрімен келетін халықтық мейрамның барысы, маңызы туралы мағлұмат беретін кітапхана қорындағы бар кітаптарды өз қажетттіліктеріне жарату керектігін айтты. Кітап көрмесіне айтулы мейрамның тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, қазақтың киіз үйі туралы, ұлттық тағамдар, тағы басқа ұлт пен ұлыстардың салт-дәстүрін дәріптейтін «Қош келдің, Наурыз!», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Наурызнама», «Қазақтың киіз үйі», «Традиции и обряды казахского народа», «Қазақтың ұлттық тағамдары», тағы басқа табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да жаңаруы туралы кітаптар мен мерзімді басылымдар молынан қойылды. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамы Наурыз көженің құрамы мен жасалу жолдарына тоқталды.Наурыз көже тоқшылық пен молшылықтың белгісі екенін тілге тиек етті.
Ұлыстың ұлы мерекесіне арналған шаралар алдағы кезде де жалғасын таба бермек. Қорыта келе біздің кітапхана бөлімшеміз оқырмандармен байланысты жақсы жолға қойғанын бек сеніммен айтуға болады.
Нұрила КЕНЖЕБЕК,
Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне
қарасты №16 кітапхана бөлімшесінің кітапханашысы.
Шымкент қаласы.