Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Кентау қаласының әкімі қызметіне Дәурен Махажанов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәурен Сәбитұлы бұған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Кентау қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.
Дәурен Махажанов 1980 жылы туған. Білімі жоғары. 2001 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша, 2007 жылы Көкшетау университетін «қаржы магистрі» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
2001 жылдан бастап 2009 жылға дейін екінші деңгейлі банктер «Казкоммерцбанк» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Альянс Банк» АҚ басшылық лауазымдарында қызмет етті. 2009-2015 жылдары «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «КазАгроФинанс» АҚ, «КазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқармаларының төраға орынбасары, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымдарында қызмет атқарды. 2018 жылдың ақпан айынан бері Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.