БАЗАРДАҒЫ БАҒАНЫ БАҚЫЛАУ ЖАЛҒАСУДА

1090
Шымкентте мониторинг тобы азық-түлік бағасын бақылауға кезекті рет шықты. «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жанынан құрылған арнайы топ үшінші мегаполистегі «Айна» базары және Ж.Шаяхметов көшесінде орналасқан «Magnum» сауда орнында болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді. Топтың құрамында партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, атқарушы хатшының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, қалалық мәслихат депутаттары Байкен Әшірбаев пен Сұлтанғали Қуандық және БАҚ өкілдері болды.
Базардағы сатушылар қазіргіт таңда азық-түлікті жеткізетін фирмалардың қоймаларында тауар жоқ екенін алға тартып отыр.
«Мысалы, «Шедевр» өсімдік майын қазір дистрибюторлар бізге жеткізіп жатқан жоқ. Ал көпшілік тұтынушы сол майды сұрайды. Сондықтан, майды басқа, үшінші жеткізушілерден болсын аламыз. Үстіне көп үстеме қоймаймыз» дейді сатушы Ұлбике Талтабаева. Дегенмен, сатушылар мониторинг тобы сұраған тауардың ілеспе қағазын тауып бере алмады. Айтуларынша, жеткізушілер ол құжатты ұсынбайды екен.
Мониторинг тобы бұған қоса, базардағы әлеуметтік тауарлар сатылатын орындарда ешқандай жазу немесе белгі қойылмағанына алға тартып, базар әкімшілігінің назарға алуын ұсынды. Ал базардың басқарушы директоры Ғазиз Исаев әлеуметтік тауарларға қатысты барлық мәселеге «Шымкент» ӘКК жауапты екенін, қалған тауарлар бағасының үстемесі 15 пайыздан аспауын қадағалап отыратындарын айтты.
Бұдан кейін мониторинг тобы «Magnum» сауда орталығында болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын байқады. Мұнда әлеуметтік тауарлар арнайы белгіленген. Тауардың көбісі болғанымен, кейбір өнім жоқ.
– Базар мен сауда орталығындағы бағаларға мониторинг жасадық. Анық болғаны, сауда орталығындағы баға бекітілген деңгейде сақталған, ал базардағы баға сақталмаған.
Дегенмен, мұнда сүт, жұмыртқа, макарон өнімі мен І сұрыпты ұн жоқ. Әкімшілік ол тауарлар 1-2 күнде беріледі дейді. Бұл бойынша тиісті басқармалардың есептерін тыңдап, ескертпелер береміз. Сақталмаған жағдайда тиісті шаралар қолдану бойынша жұмыс істейміз, – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева.
Айта кетейік, қазіргі таңда жергілікті билік бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 19 тауар кіреді. Оның 14-і бойынша тұрақтандыру қорына түрлі өнім сатып алынып, барлығы да жергілікті тауар өндірушілерден жеткізіледі. Оның ішінде қарақұмық, күріш, өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, қант және тағы да басқа тауарлар бар.
Жалпы, халық көп тұтынатын азықтың бағасын қадағалау мақсатында ұйымдастырылған рейдтің қорытындысы бойынша жауапты басқармалар мен базар, сауда әкімшілігіне ескертулер беріліп, алдағы күндері бүгін анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіледі.