Сарапшы Қазақстанда доллар неге арзандамай жатқанын түсіндірді

846
Доллардың қымбаттауына экономикалық фактор емес, ел экономикасындағы мемлекеттік үлестің көптігі мен жемқорлық себеп, дейді маман
Қазір әлемде мұнай бағасы көтеріліп келеді. Ондай жағдайда доллар арзандауы тиіс. Алайда біздегі жағдай керісінше. Қазір доллар бағамы құбылып, тек тиын-тебендеп өсу үстінде. Неге? Осы және жалпы Қазақстанда доллар қай уақытта арзандауы мүмкін деген сұрақтарға қатысты өз болжамын қаржыгер Ілияс Исаев Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Оның пікірінше, Қазақстанның табысы долларға байланғандықтан, шетелдік валюта оқыстан мінез көрсетіп, өсе береді. Оған экономика заңдылықтары еш ықпал ете алмайды.
«Әлемде мұнай бағасы көтерілсе, доллар құнсызданады. Дамыған, капиталистік елдерде солай болады. Әрине, біз де дамуға аяқ басқан, экономикамыз нарықтық елміз. Бірақ экономикалық көрсеткіштеріміз біз үшін әлемдік стандарттардың ауылы әлі алыс екенін көрсетеді.
Мысалы, Еуропаның бір елінде бір сала жұмысшылары көтерілсе, экономика тоқырап қалады. Ал бізде өйтпейді. Неге? Өйткені экономикада мемлекеттік қатысу, мемлекеттік үлес өте басым», — дейді ол.
Салыстыратын болсақ, АҚШ-та шағын және орта кәсіпкерліктің табысы ішкі жалпы өнімнің 90 процентін құрайды. Ал бізде бұл көрсеткіш небәрі 20-25 процент қана екен. Яғни, бізде жекеменшік үлес аз. Демек, ел экономикасының 60 процентіне мемлекет қатысады.
«Ел экономикасына негізінен табыс әкеп жатқан мемлекеттік үлесі бар ұлттық компаниялар ғой. Ал экспортқа жұмыс істейтін олардың табысы доллардан тұрады. Оның үстіне тұтынушылық тауардың 60 процентін сырттан алдыртамыз. Ал жылдың басы — келісімшарт жасалатын, салық төленетін кезең. Осы ішкі факторлар қазір доллар бағамының құбылуына әсер етуде», — дейді қаржыгер.
Сондай-ақ қаржыгер доллар бағамын реттеуі тиіс Ұлттық банк жалтақ, бұл арадағы гәптің оның да мемлекеттік кәсіпорын болуында екенін айтады.
«Мысалы, біздегі шикізатты игеретін ұлттық компаниялар шетелдік валютадағы шотын тек шетелдік банктерде сақтайды. Демек, осынша ақша басқа елдің банкінде сақталып, сол елдің экономикасына жұмыс істеп жатыр. Әрине, бұл дұрыс емес.
Елбасы соның бәрін отандық банктермен жұмыс істеуге дағдыландыру керек деп тапсырған. Бірақ бұл іс Ұлттық банктің қолынан келмеуде. Себебі ол мемлекеттік кәсіпорын. Оның үстіне бюджеттің 40 проценті осы экспорттық түсімнен тұрады ғой. Одан бөлек ел экономикасының 60 процентін импорт құрайды. Бәрібір шетел валютасымен жұмыс істейтіндермен санасу керек боп тұр», — дейді ол.
Исаевтың болжауынша, түбі Ұлттық банк тәуелсіз болады, сол күндері доллар аяқ-асты мінез көрсетуін де қойып, әбден жуасиды.
«Өзгерістер жүріп жатыр. Бірақ өте баяу. Иә, біз уақыт жағынан қатты ұтылып жатырмыз. Дегенмен капиталистік қоғам құру үшін мемлекеттік үлесті азайтып, жекеменшікті көбейту керектігін түсіндік. Жемқорлықтың да сол кезде жойылатынын. Қазір цифрландыру арқылы біраз дүниені еңсердік. Ұлттық банк те бұрынғыдай емес, тәуелсіз қимылдарға ара-кідік барып отырады», — дейді ол.
Сондай-ақ маман бүгіндері Ұлттық банктің 9 коммерциялық банктің құнды қағаздарын сатып алғалы жатқанын жеткізді.
«Ұлттық банк тағы да коммерциялық банктерге көмек қолын созуда. Бірақ бұрынғыдай тегін ұстата салу жоқ, оны субординациялық қарыз түрінде беруде. Мысалы, банктің жекеменшік капиталының құрамында екі деңгей болады. Біріншісі — акционерлердің капиталы, екіншісі — субординациялық қарыздар.
Яғни, коммерциялық банктер құнды қағазын сату арқылы Ұлттық банктен алған қарыз ақшаны өзінің жекеменік капиталы ретінде қорғауға, оның табыс әкелуіне мүдделі болады. Ал одан түсетін табыстың бір бөлігі Ұлттық банкке аударылып, қарызды бірден қайтару тетігі іске қосылады», — дейді ол.