Алматы қаласында жыл сайынғы дәстүрге айналған Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 400 тоннадан астам көкөніс, бақша, жеміс-жидек, ет, сүт, балық, құс өнімі және жергілікті қайта өңдеу өнімдері нарықтан 15-20 пайыз арзандатылған бағада ұсынылды. Аталған жәрмеңкеде Келес ауданының дихандары да белсенділік танытты.
Ауданнан 30 тоннаға тарта өнім Алматылық тұрғындарға ұсынылды. Онда келестік дихандар өндірген 10-ға жуық күзгі дақыл түрлері бар.
Келес ауданы ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі өткен жылы 70,4 млрд.тг құрады. Аудан бойынша 26,3 мың гектарға егіс егіледі. Сонымен қатар алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 325 жоба немесе 1 502 гектарды құрайтын егістік алқаптарға егін егіліп, 89,3 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі