ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЖАҢА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

758
Арыс қаласында серуендеуге және жайлы демалысқа, сондай-ақ спортпен шұғылдануға арналған жаңа саябақ ашылды.
Жаңа демалыс орнының салтанатты ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов қатысып, жұртшылықты жаңа саябақтың ашылуымен құттықтады.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жүрекжарды лебізін білдіріп, бірлігі жарасқан Арыс халқына табыстар тіледі. Еңбек ардагері, қаламыздың ардақты қариясы ақ баталарын беріп, өз ризашылықтарын жеткізді.
Жаңа демалыс саябағы Арыстың тумасы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетовтың демеушілігімен салынды. Саябақтың жалпы аумағы — 1 гектар. Мұнда қазірдің өзінде 450 түп тал егіліп, айналасы абаттандырылған. Түрлі-түсті шамдар орнатылып, аяқжолдар төселген. Сонымен қатар заман талабына сай 1 баскетбол, 1 футбол алаңшасы қойылған. Бұдан бөлек жаттығу құрылғылары орнатылған спорт алаңы салынды. Ал балаларға базарлық ретінде ойын алаңдары да орнатылды. Сондай-ақ жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалынған. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын заманауи бастырмалар да саябақтың ажарын ашып тұр. Сөзсіз, жаңа демалыс орны жергілікті тұрғындардың жанға сая табатын сүйікті демалыс орны болмақ.
Қала әкімі жаңа саябақтың ашылуына арнайы келген қадірлі қонақтармен бірге саябақ аралап көрді. Жаңа спорт алаңшаларда асыр салып ойнап жүрген балаларға ыстық ықыласын білдіріп, тұрғындарға енді абаттанған аумақты күтіп-ұстау қажеттігін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі