Шымкенттік дәрігерлер инсульт алған әйелді ажалдан алып қалды

1411
Шымкенттік дәрігерлер аяғы ауыр әйелді ажалдан аман алып қалды. Қалалық перинатальды орталықта босанған 40 жастағы келіншектің  жағдайы бірден нашарлап, есін жоғалтқан,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталықтың дәрігерлері науқасты шұғыл түрде тексеріп, миына қан құйылғанын анықтады. Соңынан тез арада бас сүйегіне шұғыл ота жасау қажет деп шешкен. Күрделі отаны қалалық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нейрохирургі Сәрсен Пернебеков жасады. Хирургтер ота кезінде босанған әйелдің бас сүйегін ашып, инсульттен пайда болған мида ұйыған қанды алып тастағанын айтады.
«Комаға түскен әйелге бірден ота жасауға шешім қабылдадық. Отаны екі сағатқа жуық жасадық. Бас сүйегінің ота жасалған бөлігі алынған кезде мида ешқандай тамыр соғысы болған жоқ. Мидың түсі қою, қызыл түсті болды. Навигациялық жүйенің көмегімен мидың ішіндегі қан ұюдың орнын анықтап, мидың ішкі бөлігінің гематомасы яғни, қан ұюын алып тастадық. Ми ішінің қан ағуын тоқтаттық», — дейді ота жасаған нейрохирург Сәрсен Пернебеков.
Мамандар қазір  науқастың жағдайы жақсы деп отыр. 40 жасында бала тапқан әйел сәбиімен осылайша аман есен қауышты.