Шымкентте Орталық Азияда баламасы жоқ «Asia Trafo» трансформатор зауыты іске қосылды

3045
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Asia Trafo» зауыты салтанатты түрде іске қосылды.
Сипаттамасы жөнінен бірегей болып танылған трансформатор зауыты Шымкент қаласының «Тассай» өндіріс аумағында 12 гектар жерге орналасқан. Зауыт — кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны.
Зауыттың ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Asia Trafo» зауытының бас директоры Серғазы Күнтуаров, сондай-ақ шетелдік қонақтар, ҚР даму институтының қызметкерлері, «Атамекен» ҰӨП, министрліктер, салалық комитеттер басшылары, бірегей ассоцияция, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың, коммуналды кәсіпорындардың және ТМД елдерінің іргелі тұтынушы ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Asia Trafo» зауытының бас директоры Серғазы Күнтуаров жиналғандарға инвеститциялық жобаның тарихы, технологиясы, әлеуеті, өнімнің ерекшелігі және экспорттық мүмкіндігі жөнінде әңгімеледі. Жоба «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ы және «БРК-Лизинг» АҚ-ының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба жетекшісі Еркебұлан Ильясовтың айтуынша, кәсіпорын кернеулілігінің ауқымдылығы 110кВ-дан 500кВ-ға дейін энергия өндіретін жоғары сапалы қондырғыларды жобалап, шығарумен айналысады. Айта кетерлігі, бүгінге дейін Қазақстанда осындай қуатты электроэнергетикалық қондырғы шығару қолға алынбаған.
– Зауытқа отандық құрылыс материалдары пайдаланылды. Тек зауыт ішіндегі арнайы қондырғылар Украинадан және т.б. елдерден әкелінді. Кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» құрамына жатады. Бұл жоғары технологиялық зауыттың құрылысы 2017 жылы басталды. Алғашқы күндердің өзінде-ақ энергетиктер бұл жобаны Қазақстан аумағындағы ең инновациялы зауыт деп атай бастаған болатын. Кәсіпорынның өнімі өзінің бірегей патенттелген технологиясы бойынша өндіріледі, – деді жоба жетекшісі Еркебұлан Ильясов.
Енді «Asia Trafo» зауытының ашылуы Қазақстанмен қоса үшінші мегаполистің дамуына да елеулі үлес қосады. Кәсіпорынның өнімдерін ТМД елдерінің нарығына, яғни Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға шығару жоспарланып отыр.
Айта кету керек, «Alageum Electric» – Қазақстандағы іргелі электротехникалық компаниясы. Құрамында электроэнергетика, электромашина құрылысы және құрылыс саласын жүргізетін 30-дан астам кәсіпорыны мен зауыттары бар. Олардың қатарында Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор» зауыты және «Электромонтаж» АҚ, «Электр бұйымдарын құрастыру зауыты» бар. Бұл кәсіпорындар 10 арнаулы құрастыру басқармасын біріктіріп, небір күрделі электро қондырғыларын құрастырады.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ