“Айбалта-2019”: Қасым-Жомарт Тоқаев солдат ботқасынан дәм татты

1635
Әскерилердің оқу-жаттығуын көрген Жоғарғы бас қолбасшы Қазақстан армиясы күшті екенін мәлімдеді.
Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында “Айбалта-2019” стратегиялық команда-штаб оқу-жаттығуына барды.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Көктал полигонында Мемлекет басшысына “Айбалта-2019” оқу-жаттығуының негізгі кезеңдері мен міндеттері туралы баяндалды. Оқу-жаттығу барысында Қарулы Күштердің шартты қарсыласты жою кезіндегі мүмкіндіктері көрсетілді.
"Айбалта-2019" оқу-жаттығуы
Қазақстан Президенті команда пунктіне барып, әскери техника мен қару-жарақ үлгілерін, инфрақұрылым нысандарын, соның ішінде модульді жылжымалы госпитальді, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралап көрді.
"Айбалта-2019" оқу-жаттығуы
Жоғарғы бас қолбасшы әскерилерді оқу-жаттығуды табысты аяқтауымен, алдағы Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
Қарулы Күштердің басты міндеті – тәуелсіздік пен ел аумағының тұтастығын қорғау. Мемлекеттің сенімді қалқаны әрі тірегі саналатын Қазақстан армиясы күшті әрі ұтқыр. Бүгін сіздер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуатын көрсеттіңіздер. Әскери бөлімшелер кәсіби дағдылары мен жауынгерлік рухын іс жүзінде дәлелдеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы далаға тігілген әскери лагерьге барып, солдат ботқасынан дәм татты, қатардағы сарбаздармен әңгімелесті.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барған еді. Ол өңір жұртшылығымен кездесуде облыс басшылығы дереу шешуі тиіс мәселелерді атады.
Дереккөз:baribar.kz