“Бәрі тегін”. Түркістанда ерекше дүкен ашылды (фото)

1700
Түркістан қаласында “Тегін-қайырымдылық дүкені” ашылды. Мұнда көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік пен киім-кешек тегін беріледі.
 «Ұлы Жеңіс күні»  қарсаңында ашылу салтанаты өткен дүкен облыстық ақсақалдар алқасы мен «Қоғамдық келісім» кеңесінің бастамасымен қолға алынған.
Аталған шараға қала әкімі Ә.Өсербаев, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сауабы мол істің тұрғындар игілігі үшін қажеттілігі орасан екенін айтқан  қала басшысы Әліпбек Өсербаев өз тарапынан қолдауға дайын екендігін жеткізді.

 «Дүкен аптаның тек сәрсенбі күні жұмыс істейді. Мұнда қаланың 8 мөлтек ауданының көше комитетінің төрағалары жасаған тізімдер бойынша мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек қажетілігіне қарай берілетін болады.
Нақтырақ айтқанда, әр аптада 40-50 адамға көмек көрсетілмек. Ол тізімге көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар енгізіледі», – деді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов.

Қазіргі таңда дүкенде 2 тонна азық-түлік, 4 мың дана киім бар.

Негізінен дүкеннің қоры қаладағы демеушілердің есебінен толықтырылады.
Аталмыш дүкен қаламыздағы Әл-Фараби көшесі №26 үй мекенжайында орналасқан.