БОЗАРЫҚ-3 ШАҒЫН АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ МЕКТЕБІ САЛЫНУДА

875
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ұяларын аралады.
Соның бірі — №46 жалпы білім беру мектебіне 1,5 га аумаққа қосымша корпус салынуда. Жоба бойынша нысанда 300 оқушы орны, спортзал, 110 орындық асхана және 10 мың кітап қорына арналған кітапханасы 8 орындық оқу залымен қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталумен 38 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өткен жылы құрылысы басталған мектептің корпусы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек.
Қала әкімі құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
Шымкент қаласы Бозарық-3 шағын ауданындағы Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің жанынан қосымша тағы спорт мектебі салынуда. Қала әкімі бүгін аталмыш ғимараттың құрылыс алаңында болды.
Аумағы — 0,3200 га. Жобаға сәйкес — нысанда бір ауысымда 10-нан 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта — ауыр атлетика залы (олимпиадалық штанга 190кг. 180 кг., тренажерлер), киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер (ерлер — 64 орын, әйелдер — 36 орын), тренерлер бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал, екінші қабатта — әмбебап спортзал (күрес, греко-рим күресі кілемдері, дзюдо татамиі, бокс рингі), жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары 2023 жылы ақталады.
Сонымен бірге, қала әкімі 18 шағын ауданда орналасқан № 38 орта мектепті аралады. Мұнда 1,9 га жерге қосымша ғимарат салынуда. Жобаға сәйкес нысанда 375 оқушы орны, спортзал, 76 орындық асхана қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталса 27 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.
Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.