«Жусан» операциясының соңғы кезеңі аяқталды: Президент мәлімдеме жасады

1501
Қазақстан азаматтарын Сириядан қайтару бойынша «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі аяқталды. Осыған орай Ақорданың баспасөз қызметі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесін таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды. Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды», — делінген мәлімдемеде.
Жусан» гуманитарлық операциясы — ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды және былтырдан бері жүзеге асырылуда. Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан Отанымызға 357 бала қайтарылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Жусан» операциясының басты мақсаты болды.
«Жусан» гуманитарлық операциясының қорытындылары мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті.
Осы операцияға қатысқан арнайы қызмет өкілдерінің, дипломаттардың, әскерилердің бәріне тапсырылған жауапты миссияны абыроймен орындағаны үшін алғыс білдіремін.
Елге оралған отандастар жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды.
Біз өз азаматтарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігін алдағы уақытта да қорғайтын боламыз.

Еске салайық, Сириядан қазақстандықтардың алғашқы легі биылғы 6 қаңтарда елге жеткізілген болатын. Құқыққорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде 47 азамат, соның ішінде 30 бала Қазақстанға қайтарылды.
7-9 мамыр күндері аталмыш елден Қазақстанның тағы 231 азаматы оралды. Оның 156-сы — балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і — жетім балалар.
«Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев атап өткендей, Сириядан қайтарылған адамдардың лаңкестік қылмыстарға қатысы барлары жазаға тартылатын болады.
«Лаңкестік іс-қимылдарға және заңсыз жауынгерлік әрекеттерге қатысқандарға тоқталсақ, қылмыстарға қатыстылығы дәлелденген жағдайда, олар ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл гуманитарлық операция АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды, сондай-ақ бұл жобада Сирия демократиялық күштерінің маңызды рөлін атап өткен жөн», — деген еді министрдің орынбасары.
Отанына қайтарылған азаматтардың дені жеке құжаттарын жоғалтып алған.
Ендігіде дерадикализациялау және сауықтыру мәселелеріне ерекше көңіл бөліне отырып, қайтып келген әйелдер мен балаларды бейімдеу әрі қайта әлеуметтендіру жүргізіледі.
Елімізде ресми сапармен болған БҰҰ-ның Адам құқықтарын және іргелі бостандықтарын  ілгерілету мен қорғау жөніндегі  арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолэйн Қазақстанның Сирия мен Ирактағы жанжал аймағынан өз азаматтарын қайтару бастамасын өзге мемлекеттерге үлгі етті.