96 миллион теңгеге «туалет» саламыз!

768
96,5 миллион теңгеге «туалет» саламыз. Иә, иә, «туалет!» Алматы дейтін әйдік қаладағы элиталық аудан саналатын Медеу ауданындағы 10 көшеге 10 әжетхана орнатылатын бопты. Әрқайсысының құны – 9,65 миллион теңге! «Tengrinews.kz» жазды, солай деп.
Медеу ауданының әкімдігі «Мемлекеттік сатып алулар» сайтында әлгіндей әжетханаларға тапсырып беріп қойыпты.
Әуелде әкімдік 10 әжетханаға деп, бюджеттің 137,9 миллион теңгесін «арнаған» екен. 10 көшеге орнатылатын қоғамдық әжетханаларға соншалық сома бөлмек болған. Содан, «Алтай ҚазИнжиниринг» ЖШС шығып, «ең жақсы» баға ұсыныпты. 96,5 миллион теңге! Бір әжетханаға 9,65 миллион теңгеден…
«Бұл әжетханалар жақсы, модульді, бұзылмайтын, толығымен металл болады. Кәріз жүйесі бар жерлерде соған жалғаймыз. Басқа жерлерде биотуалеттер болады. Біз «Alma Mater» ЖШС-ға екі әжетханаға тапсырыс бердік. Бір айдан кейін Республика сарайы мен «Медеу» маңына қойылады. Сосын әкімге көрсетеміз. Егер мақұлдаса, қалғандарын жеткіземіз», — депті компания басшысы Ерлан Исаев.
Сөйтіп, әлгі әжетханалардың нобайы-нұсқасын суреттен көрсетіпті. Міне, қараңыз:
(Суреттер tengrinews.kz сайтынан алынды)
Бюджеттің қыруар қаржысына алынып жатқан әлгі әжетханаларды орнататын орындар да белгіленіп қойылған-мыс. «Медеуге», «Бутаковкаға», «Тереңкөл» демалыс орнына, «Есентай» өзенінің бойына, Абай паркіне, Орталық мешітке т.б.
Сурет tengrinews.kz сайтынан алынды)
Тапсырыс бойынша бұл әжетханалар 3 айдың ішінде орнатылып бітуі керек. Тапсырысты орындаушы – ең кемінде 12 жұмыс орнын тауып беруге, сөйтіп ол орындарға Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыздарды қабылдауға міндетті екен.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол бойындағы дәретханалардың сұмдық жағдайы туралы айтқан еді.
Кейін Қазақстанда жол бойына 260 әжетхана орнатылатыны белгілі болды. Оның 22-сі 2020 жылға жоспарланған. Ондағы бір әжетхананың бағасы 23 миллион теңге деп көрсетілген.
Өз кезегінде, бұл ақпарат қоғамда қызу талқы тудырған. Енді міне. Алматыдағы Медеу ауданының әкімдігі бюджеттің 96,6 миллион теңгесіне «туалет» сатып алуды жоспарлап, келісіпті…
Abai.kz