Аштық пен саяси қуғын-сүргінді екі бөлек күрделі де трагедиялы дата ретінде орнықтырған жөн — Дихан Қамзабекұлы

804
Аштық пен саяси қуғын-сүргінді екі бөлек күрделі де трагедиялы дата ретінде санада да, тарихта да орнықтырған жөн. Мұндай пікірді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жария еткен бүгінгі үндеуін риза көңілмен қабыл алдық. Жалпы ХХ ғасырдың кеңестік билік тұсындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы және сол жүйеден туындаған адам айтқысыз түрлі қиындықтар – біздің ұлттың мәңгілік жан жарасы. Рас, 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданғаны есімізде. Бірақ ол – кеңестік бұғаудан енді шыққан елдің тегеуріні аздау, әсер етер ауқымы тарлау құжаты еді. Әрине, оның тарихи рөлін жоққа шығармаймыз. Ол кезде деректік-тарихи база да, мамандар да, осы саланың білікті заңгерлері де аз болатын. Мысалы, біз қуғын-сүргінге түсіп, атылып кеткен діни қайраткерлер туралы көп мағлұмат білмедік. Сондай-ақ 30-50 жылдары билікке қарсы тұрған қазақ жастарының түрлі ұйым, бастамалары туралы журналистік зерттеулерден басқа тыңғылықты ғылыми байыптамалар жасалмады. Мұның сыртында репрессияланған азаматтардың ұрпағы көрген азап пен мехнатқа баға берілмеді. Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын, тұтқында, лагерьлерде азапталған, атылған тұлғаларды қай санатқа жатқызарымызды білмедік. Оларды тек «соғыс құрбаны» деу аз, өйткені бұл бейбақтар саяси жүйелер текетіресінің қорлығын басынан өткеріп, жанын қиды», — деді ғалым.
Оның атап өтуінше, біз үшін тағы да аса зор проблема бар.
«Ол – кеңестік жүйе, таным санамызда «Азаматтық соғыс» деп бекіткен қырғынның құрбандары. Мұның анықтамасы «кәдімгі соғыс» па? Біздіңше, қолына қару алған большевиктердің біржақты қырғыны, үдере көшкен халықты соңынан қуып жүріп, шекара маңынан тосып жусата атуы – нағыз саяси жүйенің терроры еді. Бұдан кейінгі 1921-1922 жылғы аштық, оның құрбандары тіпті айтылмай келді. Біз аштық десе тек 1932-1933 жылғы қырғынды ғана еске аламыз. Осы төңкерістен кейінгі бастапқы 13-15 жылдың ішінде қырылған миллиондардың қаны кімнің мойнында? Кейбір мемлекеттер аз қырғынын әлемге жалаулатып «геноцид» деп жүр. Біз саяси жүйе зардабынан 4 миллионнан астам халқымыздан айырылсақ та, аталған мәселені жаһандық деңгейде көтере алмай келеміз», — деді университет проректоры.
Осы ретте ғалым 2011 жылы Мәскеудің Дон зиратханасында сақталып келген Смағұл Садуақасұлының сүйек күлін алып келіп, елордадағы Хан Кене сарбаздары қорымына арулап жерленгенін еске салды.
«Осы Смағұлдар қазаққа бағытталған Кремльдің қанқұйлы саясатын 1922-1925 жылдары-ақ дәл бағамдап, «саяси диагноз» қоя білді. Ол Голощекин келген 1925 жылдан 1927 жылға дейін солақай саясатпен табан тіресе күресті. Большевиктік экономикалық саясаттың қателігін көрсете білді. Ақыры не болды? С.Садуақасұлын 1927 жылы үлкен саясаттан шеттетті, 1933 жылы ОГПУ-НКВД қызыл террордың құрбаны етті. Егер Қазақстан билігі басында Смағұлдар отырса, миллиондар қырылар ма еді?.. Әрине, бұл саясат алдын-ала ұйымдастырылғаны осыдан-ақ көрінеді«, — деді ол.
«Президент Үндеуін талдап-таразылау үстінде қоғам және жауапты орындар мынандай ұсынысты ескерсе дейміз: Біріншіден, саяси зардабына әділ баға берілмеген кеңес өкіметі келмеске кетті. Бірақ сол қоғам ауыр саяси айып таққандардың ұрпағы тірі. Ата-бабасының ақталуын және саяси қетеліктерге баға берілуін ең алғаш солар күтіп отыр. Осы аяда келмеске кеткен патша өкіметінің де қуғын-сүргіндеріне, оның құрбандарына лайықты саяси баға берілгені дұрыс. Екіншіден, біз Аштық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды бір күні атап өтуіміз керек пе, жоқ бұған екі бөлек дата арнауымыз қажет пе – осы жағын қайта қарау маңызды. Біздіңше, «Қазақстан аштығы» немесе «Қазақстан голодоморы» — аса қасіретті оқиға. Сондықтан екеуін бір-бірімен байланысты, бірақ екі бөлек күрделі де трагедиялы дата ретінде санада да, тарихта да орнықтырған жөн», — деді Дихан Қамзабекұлы.