Шымкент қаласының әкімдігі Арыстағы 694 үйді қалпына келтіреді

998
Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Арықа барып, қаланы қалпына келтіру штабында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, ондағы жөндеу жұмыстарына республиканың 16 облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 170 арнайы бригада тартылып отыр. 1194 құрылысшы жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Олар тұрғын үйлерді бағалау жұмыстарын жүргізіп, 435 үйді қайта қалпына келтіруде.
«Шымкент қаласына 10 сектор бөлінген, онда 694 үй бар. Олардың сметасы толық жасалып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Құрылыс жұмыстары менің тұрақты бақылауымда, ол алдағы бір айда толық аяқталатын болады», — деді Ғабидолла Əбдірахымов.
Еске салсақ, Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй бар. Соның 6127 үйі жарылыстан зардап шеккен. 27 үй толықтай қайтадан салынады.Бүгінде  жарамсыз күйге түскен және зақым келген үйлерді тіркеу, шығынын есептеу шаралары жүйеленуде. Әрбір облыс, әрбір аудан, қалам әкімдіктері өздеріне бөлінген аумақта жұмысты бастады.