Шымкентте «Халыққа жақынырақ» акциясы өтті

915
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қалалық филиалымен бірлесе көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жиі туындайтын сұрақтармен тұрғындарды қабылдады.
Аталған қабылдау «Халыққа жақынырақ» акциясы аясында жүзеге асырылды.
Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында қабылдауға келген тұрғындарға Департамент басшысы Ә.Көмекбаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қалалық филиалының басшысы Д.Исабеков, қалалық мәслихат депутаты, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Н.Бұхарбаев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Утебаева түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі — халыққа сапалы қызмет көрсету және оның көрсетілу тәртібін түсіндіру болып табылады. Мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алу жолдарын тұрақты түрде түсіндіріп келеміз, бүгін міне Сіздерге түсіндіру мүмкіндігі беріліп отыр» — деді Департамент басшысы Ә.Көмекбаев.
Тұрғындармен кездесу барысында E-GOV ПОРТАЛЫ арқылы электронды қызметтерді алудың жолдары түсіндірілді.
Сондай-ақ,қызмет алушыларға шынайы уақытпен мемлекеттік қызмет көрсету сапасына баға беруге арналған «DIGITAL AGENT» қосымшасы таныстырылып, аталған мобильдік қосымшаны Play Market және App Store сервистері арқылы жүктеуге болатындығы хабарланды.
Іс-шарада мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді үйден шықпай-ақ алудың оңай жолын үйрететін арнайы дайындалған анимациялық фильм көрсетілді.
Сонымен қатар, азаматтар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жиі қолданатын салалары бойынша қажетті әдістемелік көмекке ие болды.
Айта кетейік, осы форматтағы қабылдауларды ай сайын өткізу жоспарлануда.