ТОЙ ТУРАЛЫ ОЙ

2498
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ТОСУДАН ТАБАН ТОЗАДЫ
Таяуда бір танысым Алматыға барып қайтты. Құдалары той жасаған екен. Тамсанып, таңырқап келді.
-Той көргің келсе, Алматыға бар. Дәл біздікі сияқты емес, шақыру қағазында көретілген уақытынан бір минут те кешіктірмей бастайды екен,-деді ол.
Түркістан төңірегінде тойдың белгіленген уақытысынан екі-үш сағат кешіктіріліп басталатыны есіме түсті. Жаздың күні болса шыдайсыз ғой, қыстың күні қырауда табандатып, екі-үш сағат күттіріп қоятын той-тамашалардан әбден-ақ зәрезап болғанбыз. Біздің адамдар да қызық өзі, шұбалшынша шұбатылып, ырғалып-жырғалып, үздік-создық болып тойға қас қарая зорға жиналады. Жұрт қарасы көбейіп «енді басталатын шығар» деп тұрғанымызда «құдалар әлі үйлерінен шықпапты» деген «қаралы» хабар жетеді. «Қыз бергеннің назы бар» дегенің енді бұл жерде жүрмесі анық. Сонда да құдалар кешігуін қоймайды. Кейде той иелері дәл той болатын күні құда шақырады. Ана үйден мына үйге, ана мейрамханадан мына мейрамханаға құдалар жетектеп жүргенде жалпақ жұрты тойхана алдына үйіріліп тұрғаны естерінен тарс ұмытылып кетеді. «Назы бар» құдалар мына жақта той күтіп тұрғанын білсе де, арасында бірер «салмақтылары» оңайлықпен қозғалмайды. Бұл «салмақтылар» өздерінің бағасын біледі. «Оу,құда мына кісі екен ғой» деп жұртты тамсандырғысы келіп тұратын маңғаздар да бар. Солардың көңілдеріне қарайлаймыз деп, кафеден шыға алмай амалсыз бөгелетіндер де табылады.
Хош, сонымен, құдалар да ырғалдып-жырғалып жетеді. Қошеметтеп, асты-үстеріне түсіп дегендей, үкілеп төрге апарып жайғастырамыз. Олар жайғасып болмай былайғы ағайынға орындарына отыруға рұқсат жоқ. Өйткені, құдалардан ұят. «Бізді күте алмаған не деген шыдамсыз құдалар» деп ауызы батырлары санап кетуі бек мүмкін.
Құдаларды құтты орындарына қондырып, енді «уф!» деп жайғаса бергенде «қыдырып» кеткен жастар жағы кешігіп, қонақтарды тағы да
амалсыз күттіреді. Әлден соң олар да көліктерін бақыртып-шақыртып зорға жетеді. Жол жүріп келген олар дайындалып, үсті-бастарын түзеп үлгергенше тағы да күте тұруға тура келеді.
Бұл кезде сағат түнгі 22-23-терді көрсетіп тұрады. Асаба үлгеріп қалу үшін алқынып, сценарий бойынша тойды бастап кеп жібереді. Асығыстықтың әйтеуір бір шикілігі шығады. Үлгеремін деп жүріп қолындағы «шимайына» шатасып сүрінеді. Содан барын көп дүние бүлінеді. Мұндайда өкпелегіштер көп. Біз тегі өкпелегіш халықпыз. Анаған да, мынаған да бала сияқты өкпелей саламыз. Бірінші болып сөз тимей қалса да, кешігіреңкіреп ортаға шықса та өкпелей салады. «Шапан кимедім», « тойды мен ашуым керек еді» деп ренжитіндер де табылады.
Жуырда бір туыс қызын ұзататын болып тойға шақырды. Әдетте қазақ қызды түнгі сағат 24:00-ден қалдырмай ұзатуды дәстүрге айналдырған. Сол түнгі сағат 24:00-ге дейін той рәсімінің барлығы жасалынып бітуі тиіс. Міне, асабаның асығатын тұсы осы.
Қысқа жіп күрмеуге келмейтін қыстың шолақ күндерінің бірі еді. «Той кешкі сағат 18:00-де басталады» деген шақыру алдық. «Қазақтың тойы кештетіп басталады ғой» деп әдейілеп бір сағат кешігіп бардық. Сену-сенбеу өз ырқыңызда, тойханада адам жоқ. Сарғайып тосудан басқа амал қалмады. Сағат 20:30-дан аса бірең-сараң адам төбе көрсетті. Уақыт шіркін, зуылдап өтіп барады. Асығатын адам көрсек, бұйырмасын. Мейрамхананың кіре берісінде диван бар екен. Оларға қарттар жайғасты. Біз амалсыздан далаға жылыстадық. Күн болса да құлақ-шекеден өтіп барады. Айналып келіп, кіреберісті паналадық. Аяқ талды. Ұят қалды. Ентелеп «ішке жібер» дейміз. Есік ауызындағылар қаршығадан өткен қырағы. Бір пендені ішке өткізер емес. Тапсырма аса қатаң тәрізді.
Несің айта берейін, сарсылтып барып, сағат 21-ден аса бергенде барып дастархан басына жайғасқан болдық. Келушілер жиналғанша сағат тілі 22-20-ны көрсетті.
Асабаның сасқан жері осы болды. Қазақ тойда сөз тимесе ауырып қалады. Бірақ,бәріне бірдей сөз қайда? Тамада жиналғандарға жұптап-жұптап сөз берді. Шіркін, біздің кей аталар мен әжейлер шеттерінен «шешен» ғой, «не дейміз енді» деп алып, ұзақ ойланып тұрғандарыңда сағат тілі 23:30-ды көрсетті. Тіпті, әншілерге кезек тимей қалды. Күйеу жігіт те әбжіл екен, сағат 23:30-ті қалай соқты, солай қызды « өңгерді» де кетті. Бақандай бес сағат бойы күткен той жалт етті де өте шықты. Бойжеткені бар
ауылдың қыз кеткен соң қызығы қалмайды. Үрпиісіп тұрдық та қалдық. Қыз әкесі де аң-таң, біз де аң-таңбыз.
Адамдар өз уақыттарын неге өздері ұрлатады? Біз өзі уақыттың бағасын білеміз бе? Тойды уақтылы бастаудың тәртібін ретке келтіретін күш бар ма?
Сүйінші! Бар екен. Егер сіздің тойыңызға дөкейлердің бірі ат дүбірлетіп келетін болса, онда өтірік айтсам өліп кетейін, шақырылғандар екі сағат бұрын келіп, тосып отырады. Сондықтан, туыстығы, жекжаттығы бар-жоғына қарамаңыз, ләжі болса тойыңызға ауыл-аймаққа сөзі өтетін бір аузы дуалы адамды ат шаптырып болса да келтіріңіз. Сонда тойыңыз уақтылы басталады әрі шақырылған адамдар әлгі дөкей кетпей орындарынан қозғалмайды. Біздегі тойларда жарты сағаттан соң ешкімді таппай қаласыз ғой. Осы қиындықтан бір құтқарса, әлгі дөкей туысыңыз әлде танысыңыз құтқарады. .
Жасыратыны жоқ, өңіріміздің әр түкпірінде белгілі бір сағатта тойдың басталып кеткенін көрген жан жоқ. Қоғамдық ұйымдар, облыстық, қалалық ардагерлер кеңестері, жастар комитеттері, аты бар да заты жоқ толып жатқан қоғамдық ұйымдар бұл мәселеге бастарын қатырмайтын сыңайлы. Егер осы ұйымдар бірлесіп, іс-шаралар өткізсе, тойларды тиімді де тәрбиелік мәні бар деңгейде атқаруға күш салса, халықтың алдында түсінік жұмыстарын жүргізсе, әрі-беріден соң тойды белгіленген мерзімде бастап, уақтылы аяқтау керек деген ереже бекітілсе, тойшыл топ табан тоздырғанша есік алдында іркілмес еді. «Екінші Мекке» атанған қасиетті Түркістанға облыс басшысы болып Өмірзақ Шөкеев келгелі той сағат 18:00-ден кешіктірілмей басталып, 23:00-де аяқталып жатыр деген хабар жүрегімізді жадыратты. Дәл осы тәжірибені өңіріміздің басқа аудандары мен қалаларына неге ендірмеске?
«Той әркімнің жеке меншігі» дегеніңізбен, уақыт өктем. Оны тоқтата алмайсыз. Ендеше, қоғамдық ұйымдар, жергілікті билік өкілдері босқа өткен уақыттың есесін қайтарудың жолдарын іздестіргендері мақұл. «Той-Құдайдың қазынасы» дейтін халықпыз. Ал, қазақ қазынаның қадірін қашан да білген.Бұл жолғы «қазына» текке кеткен сіз бен біздің алтын уақытымыз екенін ұмытпағайсыз.
БІРІНЕН БІРІ ОЗАДЫ…
Қазіргі тойларда жастар «гулянка» дегенді бәсекелестікке айналдырып алды. Ұзындығы 10-12 метр «Лимузин» көліктеріне мінген жастар көшені
азан-қазан етіп, басқа көліктерге жол бермейді. Әлгі «Лимузиннің» соңында біркелкі оншақты көлік шұбатылып, шұбырып жүреді.
-Бұларды тия алмай-ақ қойдық. Біріншіден, көше кептелісін тудырады. Екіншіден, көлік апатына ұрындырады. Үшіншіден, жүргіншілердің, жолаушылардың уақытын алады. Ал, оларға шара көру туралы заң әлі шыққан жоқ. Кей дөкейлердің балалары, тіпті өзімізге дүрсе қоя беріп, ұрсып, балағаттап кетеді. Бұларға қашан тыйым болады?- дейді жол-патрульдік полициясында қызмет істейтін Өскен деген танысым.
Өскеннің өкінетініндей де бар. Оның талабы орынды. Көпшілікке кедергі келтіріп, жұрттың мазасын алатын мұндай қыдыруларды тыю керек. Маңайын аза-қазан етіп, дыбыскүшейткіштерін «сигнал) барынша қосып, думандатып келе жатқан есер топтан есі бар кісі қашып құтылады. Олардың қалаларда жалғыз еместігін ескерейік. Дәстүр жалғастығына сайсақ, жол полициясы қызметкерлері жас жұбайларға құрмет көрсетулері тиіс. Сондықтан, ереже бұзғандарға ескерте алмайды. Ескертсе, еститін сөздерін біледі. Сосын аш құлақтан қаш құлақ, тыныштық іздейді. Көрмегенсіп, теріс айналады. Осыны жақсы білетін жастар ешнәрседен қымсынбайды. Зиярат ете барған жерлерінде шарап ішіп, айналаны күл-қоқысқа толтырып кететіндер қаншама.
Сорақылығы сол, қыдыруға шыққан көліктердің бір-бірімен жапа-тармағай жарысуы. Ана бір жылы қыдыруға кеткен жас жұбайлар көлігі дария ішіне құлап, тойға жиналғандар табан астында қара жамылып қалды. Осындай орны толмас өкінішке ұрынбас үшін жастардың той алдындағы серуенін қырағы қадағалау керек. Қазір олардың серуенге шықпаса көңілдері ортаяды. Оның үстіне біз бәсеке десе өлген-тірілгенімізге қарамайтын тыраш халықпыз. «Е, аналардан біздің бала кем бе?» дейміз де жастардың айтқандарын жасаймыз. Олардың өкпесінен именеміз. Ал, қыдыруға жібердік екен, жол-жөнекей бірнәрсеге ұрынып қалмаулары үшін әрі тойдан кешікпеулері үшін оларға жөн-жоба көрсетіп отыратын бір басшы қосып жіберген дұрыс.
Қазіргінің жастары шетінен «қағынған». «Лимузиннің» де ең қымбатын таңдайды. Қысқа ғана әп-әдемі көлік мінсе, қатарынан кем қалады.
Бірінен бірі озып, арқалары қозып, дабылдатып, дауылдатып жан-жағындағыларға жол бермей келе жатқан жас жұбайлар мінген керуенді биліктегілер көрмей жүр деп айта алмаймыз. Тіпті, солардың арасында биліктегілердің де ұл-қыздары болуы әбден бек мүмкін. Сондықтан,
биліктегілер бұғып қалмағанда қайтеді? Әкімшіліктің тиісті басқармалары мен бөлімдері, ардагерлер кеңестері, қоғамдық ұйымдар бірлесіп, бірімен-бірі жарысып жүргендерге тыйым жасаудың жолдарын қарастырса болмас па?
КӨРГЕНДЕ ЖЫНЫҢ ҚОЗАДЫ
Анаған да, мынаған да еліктеп, өзгенің қоқыстары мен қаңсығын таңсық көріп, өзімізге сіңіре бергеннен ұтарымыз шамалы. Екі жастың ортада дөңгеленіп билеп жүргені бүгінде сіңісіп кеткен үйреншікті әдетке айналды. Бұрынғының, кейінгінің тойларында жас жұбайлардың осылай билеп жүргендерін үлкендер айтпайды енді. Қазір күйеу бала ортаға шығып, қалыңдығына ғашықтық сезімін әнмен жеткізетін болыпты. Тойларда үлкен-кіші отыратыны белгілі. Мұндай жасандылық бізге керек пе өзі? Қазақ жігіттері әке-шешесінің көзінше қалыңдығына қарап сөз де айта алмаушы еді ғой. Не боп барамыз,тегі?
Жә, мұны заман ыңғайына орайлас дейік. Ал, жаңа түскен жас келіннің қайын атасы мен қайын енесінің ауыздарына шаңышқымен торт асататыны тіпті ерсі. Атасының бетіне тура қарамаған қазақ келіні енді атасының ауызымен «ойнайтын» болды. Кей ақсақалдың отыз екі тісінің біреуі де жоқ болуы мүмкін. Сонда ол опырық ауызын балапанша ашып, жас келіннің шаңышқысымен торт асауы керек пе? Алайда, асабаның айтқанын істемей көр.
Қазақтың тойларында осындай ерсіліктер тым көбейіп барады. Шамдарды өшіріп қойып, ортаға үйітілген қой етін әкелу, торттардың үстіне балауыз шамдарды жағып қойып, оны үрлеп өшіру, ортаға жартылай жалаңаш қыздарды шығарып билету басқаны қайдам, қазақтарға жараспайды. Осындай ерсі қылықтарды көргенде ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып тұрғысындағы салтанаттар көреміз деп барған көңіліңіз су сепкендей басылып қалмайды ма?
Ендігі әңгіме ән жайында. Бізде қазір даңғырлаған әнсымақтар көп. Жиналғандарды билетеміз деп қайдағы бір құлақ тесер әуәйі әуендерді бірінен соң бірін жарыса орындайды. Жастар жағына бұл жарасымды да шығар. Бірақ, тойға тек жастар ғана келмейді ғой. Той арасында батагөй ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер де жүреді. Олардың құлақтарына жағымды да сіңімді ескі де есті әндерді тыңдай алмай қайтасыз қазір. Тойда домбырамен күй тартқан өнерпазды да көре алмайтын дәрежеге жеттік.
Ойындардың да оңып тұрғандары шамалы. Қазіргі тойларда жібі түзу ойындар ойнатпайды. Сосын сұрқайланған, сұры қашқан тойлардан жерініп, той иесіне атағанынды тапсырып, тұра қашқың келеді.
Сонда да қазақ той жасаудан жалықпайдыда қорықпайды. Бесіктегі баласы күлсе де, еңбектеп жүрсе де той жасай салатын қазақ тойхана іздеп сарсылып жүр.
Кеше ауыл жақтан бір жекжат-жұрағаттар келді. Олар енді ауылды қойып, тойын үлкен қалада дүбірлетіп өткізбек. «Орталықта тұрасыңдар ғой, жақсы бір тойхана тауып бер» дейді. Табанымыздан таусылып жүріп таптық. Енді асаба мен әнші, бишілер керек. Өзің уақыт таппай мұрыныңмен шаншылып жүргенде тағы бір міндетті иыққа іліп кетті.
Айтпақшы, бүгін үйге бес шақыру қағазы келіпті.
Тойларда кездескенше, әзиз достар!
Түркістан облысы.