ШЫМКЕНТ ӘКІМІ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

885
Ерлан Айтаханов пен Евгений Бобровтың кездесуіне қала әкімінің орынбасары Н.Ергешбек, қала әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Г.Амантаева, Kazakh Invest АҚ аймақтық директоры И.Копайлов, Касперский зертханасының өкілі Е.Питолин, бас консулдықтың атташесі Б.Мамиев қатысты
Тараптар екі елдің өзара сауда және мәдени қатынастарын одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін және серіктестік жайын талқылады.
«Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптестер, біздің ұлттарды сан ғасырлық достық пен тұрақтылық байланыстырады. Ресей Қазақстанның сыртқы экономикадағы негізгі серіктесі, сондықтан біздің арақатынасымыз бұдан әрі де нығая түспек», — деді Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов.
Ресейлік тарап Шымкенттің инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып, аймақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Аталған жобалар қос мемлекеттің экономикалық және туристік ахуалын арттырып, мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтады.
Қала басшысы ресейлік қонақтарға Шымкент ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы атанғанын және оның аясында шаһарда өтетін іс-шаралар туралы айтты.
«Біз үшін бұл үлкен мәртебе, Шымкент түрлі мәдени шаралардың ортақ алаңына айналады», — деді Е.Айтаханов.
Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы Ресейдің келер жылы Шымкентте «Душа Евразии» халықаралық мәдениет және өнер фестивалін өткізу туралы бастамасын қолдайтынын айтты. Аталған шара ТМД мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық  мемлекетаралық қорының қолдауымен өтетін болады. Сондай-ақ, Шымкент әкімі 2020 жылы Қазақстанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы кең көлемде аталып өтетінін айтып, консулдық өкілдерін қонаққа шақырды.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ