«Алжас аға, Алжаспаңыз!»: Балғынбек Имашев Алматы атауының өзгеруіне қарсы шықты

1156
Айтыскер ақын, белгілі қоғам қайраткері Балғынбек Имашев оңтүстік астананың атауын өзгертуге қарсы шықты. Ол өзінің инстаграм парақшасында президент Қасым-Жомартқа ашық хат жариялады. 
«Мен Алматыны Алма-Ата қылып өзгертуге түбегейлі түрде қарсымын!!! Олжас Сүлейменов атамыздың ақындығына, ғалымдығына, қайраткерлігіне сөзім жоқ. Бірақ, қазақылықтан жұрдай-ау. Алматының «Бұрынғы» атауын қайтару туралы қайсы бір жылы әңгіменің шетін шығарған. Енді қайта бастапты», — дейді халық жанашыры.
Алматы қазақтар үшін ешқашан «Алма-Ата» болмағанын тілге тиек еткен ақын былай тек орыстілділер атағанын айтады.
«Бұл Сілеті, Шідерті, Өлеңті, Көкпекті деген сөздердегідей «ты, ті» деген жұрнақ арқылы жасалған есім сөз. Алмалы деген нұсқасы да болған. Қазақта Қарағайлы, Текелі, Арқарлы, Қопалы, Миялы деген мысалдардағы «лы, лі» немесе, «Шеңгелді, Қарағанды, Ошағанды деген мысалдардағы «ды, ді» жұрнақтары арқылы жасалған есім сөздер де бар. Қазақтың ру-тайпаларындағы көптеген атаулар осы үлгіде жасалған. Мысалы: Ысты, Шапырашты, Ошақты, Сіргелі, Балғалы, Орақты, Балталы, Бағаналы, Қайшылы т.б.», — деп Имашев оңтүстік шаҺардың қазіргі атауы барлық тілдік нормаларға сай келетінін жіліктеп жазған.
Айтыскер ақын елде онсыз да қордаланып тұрған шаруалардың көптігін, өзгерту керек болса, Астана мен Алматыдан басқа Павлодар мен Петропавл тұрғанын алға тартты.
«Алматы — қазақтың төл сөзі! Алма-Ата деген еш қисынға келмейді. Қамбар ата, Зеңгі баба, Сексек ата бар бізде, Алма ата жоқ! Олжас аға, орысша Алжас аға, Алжаспаңыз! Елді де, ел басындағыларды да алжастырмаңыз!», — деп датын айтқан ақын мемлекет басшысынан мұндай теріс ұсыныстардың жетегінде кетпеуді ашына сұраған.
«Осы тәп-тәуір атауы бар елді-мекендер мен қалалардың атын өзгерте бергеннен басқа жұмыс жоқ па? Басқа уайым жоқ па? Ақша тасып бара ма? Әлде ол ақшаны жұмсайтын сала жоқ па? Онсыз да шыдамы таусылуға шақ тұрған халықтың сабырын сарқығанша, болатын тірлікпен айналысса екен жоғарыдағы ағалар», — деп Балғынбек Имашек билік басындағыларға шешімін таба алмай жатқан көкейтесті мәселелерге назар аударса деген өтінішін білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов осыдан бірер күн бұрын Алматыға ескі «Алма-Ата» атауын беру туралы бастаманы көтеріп, қаланың атауын өзгерту үшін петицияға қол қоятындардың алғашқысы болуға дайын екендігін атап өтті. Айтуынша, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысын қолдады-мыс.
ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Алматы атауын өзгерту туралы ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, «Олжас Сүлейменовтің президентпен кездесуде осы идея туралы айтқаны — мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдайтынын білдірмейді» деп жазды Ерлан Қарин өзінің Telegram каналында.