2019-жылдың маусымында орын алған Арыс қаласындағы жарылыс қазақ еліне оңай тиген жоқ. Басына іс түскен арыстықтарға сол сәтте бүкіл ел қолдау көрсетті. Сын сағатта, әсіресе ақ халаттылардың еңбегі ерен болды. Жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың көбісі облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Сол сәтте Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, білікті басшы Марат Пашимовтың басшылығымен ауруханадан травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлер медициналық штабқа жиналып, зардап шеккендерді эвакуациялауға атсалысты. Төтенше жағдай кезінде мекеме басшысы жаралылар үшін 200-дей төсек-орын әзірлеп, алғашқы көмек көрсетті. Зардап шеккендер негізінен травматология, нейрохирургия және жансақтау бөлімшелеріне жатқызылып еді. Көп ұзамай емдлушілер аяққа тұрып, аман-есен үйлеріне оралды. Науқастарды күндіз-түні қабылдап, өз қызметтеріне адалдық танытқан аурухана ұжымына арыстықтардың алғысы шексіз.
Ақ халаттының ерен еңбегі еш кетпеді. Жақында Арыс қаласының «Құрметті азаматтары» белгілі болды. Бұл атаққа 26 азамат лайық деп танылған. «Құрметті азаматтардың» қатарында Марат Орынбасарұлы да бар.
Айта кетейік, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марат Пашимовқа «»»Ерен еңбегі үшін» медалі берілген болатын. Оны Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын төрінде бас дәрігерге табыстап еді.
М.Пашимов аталмыш мекемені 2017-жылдан бері басқарып келеді. Клиникалық аурухананың осы жылдар аралығында бағындырған биіктері де аз емес. Денсаулық сақтау саласындағы өңірдің қара шаңырағы саналатын аурухана соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Айталық ауруханада стационарға Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі ендірілді. Жүйенің мақсаты – медициналық қызметтің барлық салаларында денсаулық сақтау қызметкерлерінің жұмысын автоматтандыру арқылы дәрігерлік көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Сонымен қатар, ауруханада SOS жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе медицина қызметкеріне төтенше жағдайларда дәрігерге кез келген жерде түймені басып, көмек сұрауға мүмкіндік береді. Оның үстіне аурухана толықтай кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесіне қосылған. Пациенттер смартфондағы «Дамумед» қосымшасы арқылы қаланың қай бұрышында жүрсе де дәрігердің қаралуына жазыла алады. Марат Орынбасарұлы мекемені заман талабының толықтай үдесінен шығарып отыр. Қайтсем де науқастардың жағдайын жасаймын деген талабы өз жемісін беріп келеді. Мәселен 2018-жылы облыстық клиникалық аурухана «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің сыртқы кешенді бағалау нәтижелері және аккредиттеу комиссиясының шешімімен акредиттелген жоғары санатты медицина ұйымы деп танылды. Ал, аурухана базасында ашылған 30 төсек-орынды инсульт орталығы елімізде үздік деп танылған болатын. Сонымен қатар Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен сегіз жыл бұрын құрылған гепатоцентр де 2017-жылы еліміздің үздік орталығы деп мойындалды.
Марат Орынбасарұлын марапаттымен шын жүректен құттықтаймыз!
«Рейтинг»