Төле би ауданындағы шешен диаспорасы қазақ халқына алғыс айтты

1448
Түркістан облысының Төле би ауданында этнос өкілдері бір дастарханда бас қосып, қазақ халқына алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тасарық ауылындағы шешен диаспорасы Қазақстанға жер аударылғанына 76 жыл толуына және 1 наурыз Алғыс айту күніне орай ас беріп, ата-баба аруағына құран бағыштады
Аталған жиынға Төле би ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев пен күрд, түрік, өзбек мәдени орталығының өкілдері, Тасарық ауыл округінің тұрғындары қатысты.
Жиын барысында С.Дүйсебаев өңірдегі татулық пен ұлттар арасындағы достықты насихаттау, оны халыққа түсіндіру және соның негізінде қоғамдық пікірді қалыптастыру жайында сөз сөйледі.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы тарихқа тоқталып, елімізге жер аударылған ұлттар туралы мәліметтер келтірді. Аудандағы мәдени орталық төрағалары ұлтаралық татулық бойынша өз ойларын ортаға салып, тілектер айтты.
Жиын соңында шешен диаспорасы қиын-қыстау кезеңде қарсы алып, осы күнге дейін қонақжай бола білген қазақ халқына алғыс айтты. Жиылған қауым еліміздегі ұлттардың ынтымағы артып, арадағы татулық нығая түсетіндігіне сенім білдірді.