МЕРЕКЕЛІК ДЕМАЛЫСТАР ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

1280
Биыл аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстан­дық­тар 120 күн, ал алты күн жұмыс істейтіндер 68 күн демалады. 366 күннің 246-сы жұмыс күні болса, 104 күні – демалыс күндері, ал 16 күн – мереке күндері. Бұл демалыс күндеріне жұмыс істейтін Қазақстан азаматына Еңбек ко­дексінде көрсетілген еңбек демалысын, яғни қосымша 24 күн­тізбелік күн қосылады.
Елімізде бекітілген мейрам күн­дері­нің сенбі-жексенбі күндеріне сәй­кес түсуі демалыс күндерін көбейтіп отыр. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «Үкіметке және Президент Әкімшілігіне мереке күндеріне қа­тыс­ты қолданыстағы тәртіпті қайта қарауды тапсырдым. Егер мейрам күні жексенбіге сәйкес келсе, келесі күн демалыс болып са­налады. Келесі күн (дүйсенбі) барлық мем­лекеттік қызметшілер үшін жұмыс күні болуы тиіс», – деп жазды. Президенттің жаңа еңбек этикасын қалыптастыруға, мем­лекеттік қызметшілер мен еліміздің бар­лық азаматтарын еңбекқорлық пен жауапкершілік идеологиясын ілгерілетуге шақыруы қоғамда қызу талқыға түсті. Мемлекеттік қызметшілердің мерекеден кейін келетін күні (дүйсенбі) жұмысқа шығуын орынды санаған Президент қол­даныстағы тәртіпті қайта қарауды тап­сыр­ған болатын.
Túrkistan газеті мейрам күндеріндегі демалыстың экономикаға тигізер әсері туралы экономистерден сұраған бо­латын.
Арыстан ЕСЕНТҮГЕЛОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Істің табысты болуы өзімізге байланысты
– Бізде мереке күндерінен соң да 2-3 күн демалыс керек. Өйткені халық әлі де мейрам күндерін ішімдік ішумен, көңіл көтерумен өткізеді. Бұл – кеңестік кезеңнен санамызға сіңіп қалған сарқыншақ. Демалыстың көптігі еңбек өнімділігіне әсер етеді. Бұл мәселе Кеңес өкіметі тұсында да болған. Бірақ ол кезде бұл мәселеге көп мән берілмейтін. Қазіргі нарықтық жағдайда жетекші кәсіпорындар экономиканы дамытудың пайызын жоғалтпауға өздері ынталы болуы керек. Біз жақсы ақша табудың орнына мейрам күндері бірнеше күн қатарынан демалып, өз-өзімізге жарамсыз жағдай жасап отырмыз. Кәсіпорын жетекшілері жұмысшыларға осыны дұрыстап жеткізуі керек. Еңбек өнімділігін арттыру басшылыққа емес, еңбек адамына байланысты.
Әлем елдері дамуы бойынша 3 топқа бөлінеді. Ең мықты дамыған 30 ел, дамуы орташа деңгейдегі ел бар-жоғы бесеу ғана, ал 160 ел ең әл­сіз дамыған, артта қалған елге жатады. Қазақстан өзін дамыған ел­дер қатарынан көргісі келсе, экономиканы дамытудың тетіктерін жан-жақты қарастыруы керек. Ал демалыс күні көп. Біздің елде еңбек өнім­ділігі, бәсекелестік орта дұрыс қалыптаспай отыр. Ең бастысы на­рықтық экономикаға бейімделу туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек. «Алма піс, аузыма түс» деген кезең келмеске кетті. «Бір ай­лық­пен күн көрсем, ел қатарлы отырсам» деген түсініктен арылатын кез кел­ді. Істің табысты болуы өзімізге байланысты екенін әлі түсінбей келеміз.
Сонымен қатар кадр, жұмысшы мәселесінде жоғары деңгейге жет­кен жоқпыз. Елімізде Орта Азия бойынша мықты мамандар бар шы­ғар, бізге осы қарқындылықты көтеру керек. Кеңестік кезеңдегі жос­парлы экономика түсінігінен әлі шыға алмай келеміз, жоғарыдан кел­ген бұйрықпен жұмыс істейміз. Әрбір кәсіпорын бұйрықты күт­пей-ақ, өзі үшін жұмыс істеп, бәсекелестік орта құрып, еңбек өнім­ділі­гін арттырғаны дұрыс. Ал бәсекелестік дегеніміз – шешуші фак­тор.
Оразалы СӘБДЕН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰИА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Аптасына екі күн демалыс жетеді
– Мереке күндеріне берілетін демалыс тым көп. Демалысты берген уақытта үнемдеу тәсілдерін де ұмытпауымыз керек. Дағдарыс уақытында біз пайда түсетін резервтерді іздеуіміз керек. Ресейге салынған санкцияның салқыны бізге де көп әсерін тигізеді. Мұнай бағасы түсіп, доллардың қымбаттап кеткенін көріп отырсыздар. Одан бөлек әлемде короновирусқа миллиардтап шығын кетіп жатыр. Әлемдегі оқиғаларды сараласақ,  Қазақстан қай жерден үнемдеу керек деген заңды сұрақ туындайды. Соның бірі мереке күндеріне берілетін демалыстар санын азайту дер едім. Біз онсыз да аптасына бес күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз.
Үкімет, министрлер, елшіліктегілер мен облыс әкімдері шетелден инвестиция тарту бойынша жұмыс істейді. Ал тартылған инвестиция дұрыс бағытта жұмсалуы тиіс. Оның үстіне инвестиция дегенді де шетел оңай бере салмайды, оның да сұрауы бар. Бұл тұста өзіміздің шығындарымызды есептеу керек.
Қазақстан экономикасының үнемдейтін, пайда табатынын резерв тетіктері бар. Мереке күндерінің көптігі ел экономикасына кері әсер етеді. Өйткені біз дамушы елміз, дамыған елдердің қатарына еніп, экономикамызды тұрақтандыру үшін бізге той тойлауды, мерекелерде бірнеше күн қатарынан демалуды азайту керек. Шығынын қысқарту керек мәселенің бірі – конференциялар мен форум­дар.
Мысалы, жыл сайын Астана экономикалық форумына бір­неше мың адам қатысады. Жиынға Нобель сыйлығының иегерлері ша­­­­қыртылады. Нобель сыйлығы иегерінің бір баяндамасы 100 мың дол­­лар тұрады. Оның келіп-кетуі, жатын орны, ішер асына дейін төлейміз.
Біздің елімізде шығын көп, үнемдеу жоқ. Үнемдеу мәселесі бірінші орынға шығуы керек. Мерекені экономика көзімен есептеп, олар­­дың санын қысқартудың арқасында пайда әкелетін ресурстарды ашамыз.
Мақсат СЕРӘЛІ, Алматы қаласы Наурызбай ауданының «Атамекен»
ҰКП филиалы директоры, экономист:
Жиі демалыс экономикаға әсерін тигізеді
– Қазақстанда басқа көршілес мемлекеттермен салыстырғанда де­малыс күндер көп, халық жиі де­малады. Жиі демалыстың бар­лы­ғы әрине экономикамызға әсе­рін тигізеді. Меніңше, бұл мә­селені екі жақты қарастыру керек. Де­малыста жұмыс орындарының тоқ­тауы, жұмыстың өнбей қалуы де­ген мәселелер бар. Одан бөлек, бізде Кеден қызметі де демалады. Біз импортқа тәуелді болған­дық­тан, тауарға шетелге тапсырыс бе­­­реміз. Мереке күні демалысқа сәй­кес келсе, керекті құжаттарға уақы­тылы қол қойылмай қалады. Бұл біздің қағазбасты қоғамда бі­раз шаруаның кешеуілдеуіне кері әсер етеді.
Ал тиімді тұсына келер болсақ, мерекеде халық қыдырады, өзіне қажетті жұмыстарын бітіреді. Бұл жағынан бизнеске оңтайлы әсерін тигізеді. Бірақ жалпы алған кезде де­малыс мемлекетке шығын алып ке­леді. Президентіміз Қ.Тоқаев: «Егер мейрам күні жексенбіге сәй­кес келсе, келесі күн демалыс болып саналады. Келесі күн (дүй­сен­бі) барлық мемлекеттік қыз­мет­ші­лер үшін жұмыс күні болуы тиіс» деген болатын. Бұл жерде мен ұсы­ныс жайлы толықтыру айтар едім. Мемлекеттік сектор үшін мейрам жексенбіге сәйкес келсе, дүйсенбі жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Ал қарапайым халық де­малғаны дұрыс. Өйткені олар жұ­мыс күндері жасай алмайтын құ­жат рәсімдеу секілді ХҚКО, әкім­шіліктегі, салық немесе кеден қыз­меті бойынша жұмыстарын бі­тіре алады. Бірақ мемлекеттік сек­тор қызметкерлерін де мейрам­да жұмыс істеңдер деп қысымға алуға болмайды. Егер олар мейрам күні жұмыс істесе, еңбек демалысына сәй­кесінше мейрам күндері жұ­мысқа шыққаны үшін 3-4 күн немесе 1 апта демалыс қосып беру қажет.

Дереккөз:turkystan.kz