«Ешқандай шығын жоқ»: Мақтаарал ауданындағы ТЖ байланысты Шөкеев мәлімдеме жасады

992
Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Өз үндеуінде облыс басшысы ең алдымен тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
Өмірзақ Шөкеев су басып қалған ауылдардың тұрғындары медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілетінін айтты.
Су деңгейі көтерілетін болса Мақтаарал ауданындағы тағы 4 ауылдың тұрғындарын эвакуацияланатындығын жеткізді.
«Қазір енді Өзбекстан министрінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, су басқан өңірдің барлығын қайтадан аралап, көріп шығамыз. Егер де, тағы су басу қауіптері болмайтын жағдайда ондағы барлық тұрғын үйлер полициямен қорғалатын болады. Әзірге тұрғындардың малдары қауіпті аймақтан түгел шығарылды. Ешқандай шығын жоқ. Енді тұрғындардың үйлері, мүліктерінің бәрі күзетілетін болады.
Егер де судың деңгейі әлі де көтерілетін болса, Мақтаарал ауданындағы тағы да қосымша 4 елді мекенді эвакуациялайтын боламыз. Ол Нұрлыжол, Фирдауси, Жантақсай, Жайлыбаев елдімекендері.
Аталған әр елдімекенде төтенше жағдайды тұрақтандыру үшін жақын арадағы аудандардың күштері жұмылдырылды. Айталық, Нұрлыжол елді мекеніне Шардара ауданының әкімдігі, Фердауси, Жантақсай ауылдарына Келес ауданы, Т. Жайлыбаев ауылына Сарыағаш ауданы жауапты болып бекітілді.
Сондықтан менің айтатыным, тұрғындарға дүрлігіп, көшеге шығып, дүрбелең  жасап, жолға шығудың қажеті жоқ. Барлығы ұйымдасқан түрде реттеліп, өз қалпына келеді», — дейді өңір басшысы.
Сондай-ақ, Шөкеев Мақтааралдағы су басу жергілікті масштабтағы төтенше жағдай екендігін айтып, Арыстағы тәжірибеге сай алгоритмде жұмыс жасалатынын атап өтті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мақтаарал ауданындағы елді мекендерден 5400 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы екі ауылды су басып қалғанын, ауданды Төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.