КӨКТЕМ. КОРОНАВИРУС. КӨҢІЛ-КҮЙ

1000
Биылғы көктем қай жағынан алып қарағанда да бөлекшелеу, көңілсіздеу болып тұр. Олай дейтініміз, былтыр желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласынан шыққан COVID-19 коронавирусы төрткүл әлемге жайылып үлгерген. Сөйтіп, жұрттың бәрі бетперде тағынып, қолғап киюге мәжбүр болып отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қайта-қайта үндеу тастап, мәлімдеме жасап, халықты қауіпсіздік шараларын, төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауға шақыруда. Елімізде 16 сәуірде жарияланған төтенше жағдай 11 мамырға дейін созылған тұғын. Енді төтенше жағдай тоқтап, әр өңірдегі карантин режимі кезең-кезеңімен біртіндеп алынатын болады.
Шымкент шаһарындағы карантин режимі төртінші сәуірден басталған. Бұған қосымша ретінде 19 сәуір мен 1 мамыр аралығында бірқатар шектеулер енгізілген. Медицина қызметкерлері (өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтіндер, дәрігерлер мен фельшерлер), құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер, еріктілер қала тұрғындарының қауіпсіздігі жолында күндіз-түні тынымсыз еңбек етуде. Қаладағы 1 290 медицина қызметкеріне үстемақы төленген. Олар — жансақтау бөлімдерімен қоса-қабат алғанда жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері, сондай-ақ провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жүргізушілері.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан Шымкент қаласы бойынша 40 мыңнан астам тұрғынға ақшалай көмек беру жоспарланған. Әзірге 22 мың тұрғынның есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылған. Төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған 225 мың тұрғынға 42 500 теңге төлем берілген. Өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда.
Мегаполисте медициналық бетперделер мен жеке сақтану құралдарына деген сұраныс барынша артқаны белгілі. Бағасы бес миллиондай теңгегенің 26500 дана бетпердесін заңсыз сатудың үш
әрекеті тоқтатылған. Тұрмысы төмен азаматтарға бір миллион жүз мыңға жуық көп реттік бетперде тегін таратылған. Соның бір миллион данасы «Birgemiz» қорынан бөлінген.
Шымкентте бетперде жыры бітер емес. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан келіп түскен бір миллион бетперде барлық адресаттарға бірдей толықтай жетпеген. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Мәделіұлы Нарымбетов оның екі мың данасын редакциялардың біріне бере салған. Сонда оның қалада қанша газет-журнал, телеарна бар екенін, ондағы журналистердің де бетпердеге мұқтаж екенін шынымен-ақ білмегені ме?! Жоқ, әлде… Қайта солардың әрбіріне бетперде үлестірггенде қазіргі қасиетті Рамазан айында cоншама сауапқа кенелетін еді ғой. Әттең, әттең…
Өкінішке орай, жер жүзіндегі жұрттың бәрі коронавирус індетімен күресіп отырған осындай қысылтаяң кезеңде өздерінше «жаңалық» ашуға ұмтылған баспасөз өкілдері де кезігуде. Үшінші мегаполистегі бір басылым материал жетіспегендіктен әрі бет толтыру мақсатында болса керек, бір-бірінің ішкі өміріне араласуға дейін барған. Сөйтіп, жан құрбысының он төрт жылдық ауру тарихына үңіліп, көктем сайын келе беретін кеселден шығатын оңтайлы жол іздеген сыңайлы. Бұдан гөрі олардың қазіргі карантиндік режим тұсында өздерінің және өзгелердің қатерлі індеттен сақтану жолдары жайлы көбірек жазғаны жөн болар еді-ау дейміз.
Карантиндік режим кезінде мәдениет саласының мамандары да жай қарап, жайбарақат отырған жоқ. Олардың еңсесі езілген халықтың көңілін көтеру жолындағы еңбегі елеулі. Осы орайда Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы онлайн форматта 57 мәдени іс-шара өткізгенін айрықша атап өтуге болады. Күн сайын эфирге шығып, спектакльдер мен тарихи қойылымдар, байқау, көрме, ақындар айтысын ұйымдастыруда. Әлеуметтік желі арқылы шырқалған әндер көрсетілген бейнероликтер таралып, сан түрлі челлендждер жолдануда.
2020 жылы 27 ақпан мен 16 наурыз аралығында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан арқылы 435 мың қазақстандық шетелге шығып кеткен екен. Олар Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері,
Түркия, Таиланд, Мальдив аралдары, Мексика, Доминикан Республикасы, Буркина Фасо, Бразилия секілді елдерде демалуды жөн көрген. Өкінішке орай, шетелде тынығушылардың бәрі әлі күнге дейін толықтай Қазақстанға қайтқан жоқ.
Қазақ «Қайғы бөліссе жеңілдейді, қуаныш бөліссе көбейеді» дейді. Сол айтпақшы, сындарлы сәтте төрткүл әлемде құрылған сан түрлі қорлар мен қаржылай да, заттай да көмек көрсетуші жекелеген азаматтардың қатары көбеюде. Мәселен, миллиардер Джек Ма қатерлі індетке қарсы вакцина ойлап табу жұмысына 14,4 миллион доллар аударған. 50 миллион халқы бар Хубей провинциясын дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықпен қамтамасыз етуге 144 миллион доллар бөліп отыр. Tesla компаниясының директоры Илон Маск қаржылай аударымнан бөлек Калифорнияға бір мыңнан астам тыныс алу аппаратын сыйлаған. Атақты Microsoft компаниясының иесі Билл Гейтс пен зайыбы Мелинда құрған қор коронавируспен күреске 10 миллион доллар аударған. Facebook басшысы Марк Цукенберг пен Приенилла Чан қорға 25 миллион доллар аударған. Белгілі бизнесмендерден бөлек Xiomi компаниясы Ухан Қайырымдылық федерациясына 1,4 миллион доллар көлемінде көмек көрсеткен. Netflix кинокомпаниясы корнавирустан шығынға ұшыраған жобалар қорына 100 миллион доллар аударған. Garlsberg қоры пандемияны зерттеуге миллин дат кронын бөлген.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси бағыты елімізді посткеңестік кеңістіктегі елдердің алдыңғы қатарына шығарғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Тіпті, қазіргідей төтенше жағдайдың өзінде оның өзі қалыптастырған Ұлттық қордың қаражатына арқа сүйеп отырғанымыздың өзі біраз жайтты аңғарса керек. Басқасын айтпағанда, пандемия жағдайы туындаған күннен бастап қарапайым тұрғындардың экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешу үшін елімізде бөлінген қаражаттың көлемі өте ауқымды. Қазақстанда барлық экономикалық, әлеуметтік шараларға 5,9 триллион теңгенің көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бұл — жалпы республикалық бюджеттің тең жартысына пара-пар қаржы деген сөз. Ел тарихында дәл осындай көлемде қосымша қаржы бөлу бұрын-соңды болмаған. Бөлінген қаржыны әр тұрғынға шаққанда Қазақстанда – 347 000 теңгеден келсе, Ресейде – 53 800, Арменияда – 50 322 Грузияда – 45 700, Украинада – 37 300, Әзербайжанда – 25
900, Өзбекстанда – 13 800 теңгеден келіп отыр. Қазақстанның әр тұрғынға шаққанда бөлген қаражат көлемі жоғарыда аталған алты мемлекеттің әр адамға бөлгендегі қаражатын қоса алғанда біржарым есе артық.
Қазақстандағы бизнесмендер коронавируспен күрес шараларына 2 миллард теңге аударған. Kaz Minerals — 400 миллион теңге, Aitas KZ – 200 миллион теңге бөлген. Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев қатерлі індетпен күреске 1 миллиард теңгеден аударған. Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның жетекшілігіндегі «Дегдар» гуманитарлық қоры 100 миллион теңге аударып, стационарға екі тыныс алу аппаратын
сыйлаған. Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры 150
миллион теңге бөлген.
Түркістан облысы бойынша коронавирусқа қарсы күреске қаржылай көмек көрсеткен азаматтардың қатары да күн санап көбейіп келеді. Олардың арасына «Cayts-Oйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Серікжан Сейітжанов) — 100 миллион теңге, «Қайып ата» ЖШС (Сырым Ертаев) — 10 миллион теңге, «Ордабасы құс» ЖШС (Мұрат Тағаев) — 2 миллион теңге, жеке кәсіпкер Талғат Қаржауов — 1,2 миллион теңге, «Евро ремонт сервис» ЖШС (Жаңабай Ағабеков, меценат, филантроп Оралбек Ботбай, «Алжа-құрылыс» ЖШС (Алмас Салимов), «Жаңа арна құрылыс» ЖШС (Мағауия Тұрысбеков) ұжымдарының әрқайсысы — 1миллион теңгеден қаржы бөліп отыр. Бұл облыстың 1 980 ұстазы 91 878 медициналық бетперде тігіп, тұрғындарға тегін таратқан. Ордабасы ауданында 60 мыңнан астам, Кентау қаласында 20 мыңға жуық бетперде таратылған.
Негізгі ақпарат тарату былай тұрсын, қатерлі індетке шалдыққан азаматтың аты-жөнін қалың жұртшылыққа жария еткен тұрғындар да баршылық. Шымкентте коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтың жеке мәліметін әлеуметтік желіде таратқан адамдар іздестірілуде. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалатын болады.
Айтпақшы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің өкімімен Рустам Қуанышбекұлы Албаев Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалып отыр. Ол 1978 жылы Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы Ақмола
мемлекеттік медициналық академиясын бітірген. Мамандығы — дәрігер. Медицина ғылымының кандидаты. Жоғары санатты кардиохирург дәрігер. 2010 жылы Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеудегі А.Н. Баулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми-зерттеу институтын тәмамдаған. Ақмола облысындағы, Алматы, Астана (қазіргі Нұр- Сұлтан) қалаларындағы медициналық мекемелерде қызмет істеген.
Қазақстандағы қатерлі індет жұқтырғандардың жалпы саны 11 мамыр күні 5090 адамға, сауыққандар 1941-ге, қайтыс болғандар 31-ге жеткен:
Алматы қаласы 1580 418 9
Нұр-Сұлтан қаласы 1066 404 3
Атырау облысы 299 113 —
Батыс Қазақстан облысы 249 96 —
Шымкент қаласы 233 130 5
Қызылорда облысы 229 161 —
Қарағанды облысы 191 96 3
Алматы облысы 183 70 —
Түркістан облысы 180 76 1
Жамбыл облысы 179 84 1
Ақтөбе облысы 172 54 —
Павлодар облысы 154 63 2
Маңғыстау облысы 120 16 1
Ақмола облысы 109 90 4
Қостанай облысы 61 28 1
Шығыс Қазақстан облысы 51 13 1
Солтүстік Қазақстан облысы 34 29 —
Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.