42 500 теңгеге талас толастар емес. Өтініш бергендер саны бұл қарқынмен қыркүйекке дейін тоқтамайтынға ұқсайды. Шын мұқтажы қайсы, есебі мен ебін тапқаны қайсы – ажырату қиын. Тіпті, танымал, гонорары қымбат отандастарымыз да әлеуметтік төлемнен бір асап қалғысы келеді екен.
Әнші Бүркіт өткенде Президентке желі арқылы үндеу жолдады. Мәні сол – карантинді жеңілдетіп, мекемелердің жұмысын жандандыруын сұрады. «Біз түрлі аудандарға барып, халыққа азық-түлік үлестіріп көмектесіп жатырмыз. Алайда барлығына көмектесу мүмкін емес. Аз қамтылған отбасылардың жағдайын көріп отырмыз. Күнкөрісін күнделікті жұмыспен тауып жүрген такси жүргізушілері, тазалықшылар, даяшылар, базарды жағалаған көпшілік қиын жағдайға тап болды және бұған жай қарап отыру оңай емес. Соған байланысты карантинді жеңілдетіп, көптеген компания және мекемелерге жұмысын жандандыруға мүмкіндік беруді сұраймын. Әрине, олардан карантин талаптарын сақтауды талап ету керек. Бұл азаматтардың жағдайын жеңілдетеді деп білемін. Әйтпесе халық жақында коронавирустан емес, аштықтан өледі» деген болатын.
Әншінің бұл сөзінен соң Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әртістер табысынан айырылған жағдайда көмек алуына болады деді. Осы сөзден соң Үкіметтің жәрдемақысына талас қыза түсті. ТЖ кезінен бері үйде отырған әншілер бірінен-соң бірі әлеуметтік төлем ала бастады. Олардың қатарында Қарақат Әбілдина, Бағлан Әбдірайымов, Дәурен Айдарқұлов, Серікбол Сайлаубек, Дидар Кәден, Сара Жүнісбек, Әзімбек Байлин және өзге де жұлдыздар бар. Олардың кейбірінің тойдағы 1-2 ән айту үшін табатын табысы бірнеше миллион болатынын ұмытпаған жөн. Одан бөлек, Instagram-да миллионға жуық оқырман жинап, жарнамасының бағасын шарықтатқан блогерлердің ішінде де көмек алғандар аз емес. Мәселен, отандық арнадан берілетін ток-шоудың экс-қатысушысы Дина Төкенова stories-ке 42 500 теңге түскен скриншотты салып, сол бойда жаратып тастағанын айтқан болатын.
Ресейлік әншілер де жәрдемақыға өтініш берген. Бұл тізімде Николай Басков, Валерия, Дима Билан, Чулпан Хаматова, Яна Рудковская және өзгелері бар. Біздің әншілермен салыстырғанда, ресейліктер ЖК, ЖШС болып тіркелген кәсіптері үшін сұраған. Салық төлеп, продакшн не корпорацияларына қызметкер ұстап отыр. Карантин кезінде қол астындағыларға жалақы беру қиындай түскені мен кәсіптің тоқтап қалуына байланысты өтініш тастаған. Бір қызығы, салық бойынша қарызы бар Стас Пьеха, Оксана Самойлова, Виктория Боня және т.б жұлдыздарға субсидия берілмеген.
Пандемия кезінде көмектесіп жатқан жұлдыздар да жоқ емес. Көмекке мұқтаж отбасыларға ақшалай не азық-түлік, дәрі алып беріп жатқандар бар. Жария болмағаны қаншама. Тыныс алу аппараттарын жеткізу үшін ақша жинасқандар ескерусіз қалмауы тиіс. Әлемдік жұлдыздарға келсек, коронавируспен күреске 1 миллион доллардан берген Рианна, Джей Зи, Мадонналардың кең жүрегін айтпай кету мүмкін емес.
Қызметкеріне қалтадан төлер қаражат болмай жәрдемақы сұраған бір басқа, қарақан басына 42 500 сұраған бір басқа болса керек. Әлде әншілерімізге той-бизнестен тапқан ақшаны тиімді жұмсауға қатысты курстан өту керек пе?
Айша ЕРСҰЛТАН