Той, ас, жаназа сияқты ғұрыптарымызды заңмен реттеу керек – Көшербаев

1489

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеумен айналысатын жұмыс тобын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгідей күрделі кезеңде халық болып кеңесіп, жұрт болып бәтуаласатын келелі мәселелер аз емес.

«Біздің қоғамымыз жаңарған соң ұстанатын салт-дәстүрлеріміз де өзгеруге тиіс. Елді кері тартатын жағымсыз қасиеттерден тездетіп арылуымыз керек. Мысалы, қазақтың тойы есепсіз шығынның емес, шынайы шаттықтың көрінісіне айналуға тиіс. Барымызды шашып-төгіп, қарызданып той мен басқа жиын өткізетін әдеттен арылуымыз қажет. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Сондықтан кейбір мәселелерді заңды жолмен реттеудің кезі келді деп ойлаймын. Ал жауапсыздық пен немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады», — деді ол.

Оның айтуынша, бекітілген санитарлық талаптарды бұзып, жасырын той жасап, құдалық өткізіп, ас беріп жатқан оқиғалардың арты орны толмас өкінішке әкеп соқтыруда.

«Көрші елдерде туғаннан өлгенге дейінгі орындалатын салт-дәстүр, (той, ас, жаназа т.б) әдет-ғұрып рәсімдерін заңмен реттеп қойғандықтан халық қойылған талапты қалыпты түрде қабылдайды. Біз не істеуіміз керек? Алдағы уақытта көпшілікпен кеңесе келе, біз де көрші елдердің үлгісі бойынша ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шараларын қолға алатын уақыт жетті деп ойлаймыз. Сондықтан, дүниежүзілік пандемия тұсында және одан кейінгі кезеңде ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шаралары бойынша зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері, осы саламен айналысатын заңгерлерден құралған жұмыс тобын құруды ұсынамыз», — деді Мемлекеттік хатшы.

Бұл топ көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, халықтың ой-пікірін зерделеп және қажет болған жағдайда тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасын әзірлеумен айналысатын болады.