Шымкент қаласы күннен күнге көркейіп, экологиялық және эстетикалық тұрғыдан жаңарып келеді. Соның айғағы — «Таза Қазақстан» акциясы аясында Арғынбеков көшесінде жүргізіліп жатқан ауқымды көгалдандыру жұмыстары. Жеті шақырымға созылған көшенің ортасындағы бос аймақтарға автоматтандырылған суғару жүйесі орнатылып, қара топырақ төселіп, арнайы спорттық газон егіліп жатыр. Сонымен қатар, бір жылдық гүлдер отырғызылып, жасыл белдеу қалыптастырумен бірге қаланың көркін арттыру көзделуде. Жұмыстар аяқталған соң бұл аумақта 70 мың шаршы метрден астам жасыл желек пайда болады деп жоспарланған.
Көшенің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. Жол бойындағы ағаштар мен бұталар санитарлық қырқудан өткізіліп, көлік қозғалысына кедергі келтірмеу және көше келбетін ашу мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Аталған жұмыстарға күн сайын 70-ке жуық маман мен 20 техника жұмылдырылған.
Қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілі Исатөре Абдулланың айтуынша, жыл басында егілген 1 миллион қызғалдақ Шымкенттің ажарын айрықша аша түсті. Қазір 29 көшеде 400 мың шаршы метрге жуық аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 6 мердігер мекеме 1 миллион 200 мыңнан астам гүл егуге кіріскен.
Табиғатты аялау мен қаланы таза ұстауға бағытталған осындай бастамалар Шымкенттің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттырып, шаһардың шырайын аша түспек.
«Шымкент келбеті»