«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЖОЛ-КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ БАСТАЛДЫ

20

1 қыркүйек – Білім күні еліміздің барлық оқу орындарында ерекше салтанатпен аталып өтіп, жаңа оқу жылының басталғанын білдірді. Осыған орай Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде «Білімге бастар алғашқы қадам» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл күн – мыңдаған жас үшін жаңа белестерге, жаңа мақсаттарға жол ашатын маңызды кезең.

Аталған шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов, «КТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ГП Шымкент» бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Байғазиев, Шымкент қалалық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полковник Ерғали Сүлейменов, әлеуметтік серіктес «ROYALMOTORS» ЖШС директоры Бағлан Көпбаев, сондай-ақ студенттердің ата-аналары мен оқытушылар құрамының өкілдері қатысты.

Биылғы жаңа оқу жылында колледж ұжымы үшін қуанышты жаңалықтардың бірі – 540 жаңа студенттің қабылдануы болды. Колледжде қазіргі таңда алты түрлі бағыт бойынша білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады, олардың қатарында еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтар бар. Бұл – елдің өндірістік әлеуетін арттыруда колледждің үлесі зор екенін көрсетеді.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген Ербол Байқонысов: «Бүгінгі таңда елімізге теорияны тәжірибемен ұштастыра алатын, кәсіби тұрғыдан бәсекеге қабілетті мамандар ауадай қажет. Жол-көлік колледжі – осындай сұранысты қанағаттандырып отырған маңызды білім беру мекемелерінің бірі. Бұл жерде тек білім алу ғана емес, нақты кәсіп игеріп, ел дамуына үлес қосу жолында маңызды қадам жасалады. Жаңа оқу жылы сіздер үшін жемісті, табысты болсын! Алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін», – деді.

Іс-шара барысында әлеуметтік серіктес мекемелердің өкілдері де сөз алып, студенттерге өз салаларындағы жұмыс ерекшеліктері, болашақтағы кәсіби мүмкіндіктер мен еңбек нарығындағы сұраныс туралы айтып өтті. Олар жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және кәсіби біліктілікке ұмтылуға шақырды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, студенттер мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл шара – білімге деген құрметтің, болашаққа сенімнің және жаңа бастамаларға жол ашатын нақты мүмкіндіктің айқын көрінісі болды.