ҰЛТТЫҚ БАНК КҮМІСТЕН ҚҰЙЫЛҒАН «КӨКБӨРІ» МОНЕТАСЫН АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

1945
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2018 жылғы 28 қарашасынан бастап номиналы 5 000 және 500 теңгелік күмістен, номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» монеталар сериясынан «Көкбөрі» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Көкбөрі (көк қасқыр) – ежелгі түріктердің нанымында басты тотемдік жануарлардың бірі. Рух-баба, рух-қорғаушы, бүкіл әлемді басқаратын тәңір. Көшпенді халықтың наным-сенімінде қасқыр көк аспанмен байланысты барынша маңызды нышандардың бірі болып есептелді.

Номиналы 5 000 және 500 теңгелік «Көкбөрі» монеталарының сипаттамасы:

Монеталар алтындату технологиясын қолдана отырып күмістен жасалған және гауһар қондырмасы бар.

Монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелері бірдей. Монеталардың бет жағында (аверсінде) ұлттық ою-өрнектің қоршауында соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазба орналасқан. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазба бар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) гауһар қондырмасы бар қасқырдың басының натуралистік және трафареттік бейнесі бар композиция және «Көкбөрі» деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра сақтардың жануарлар стилінде дайындалған қасқырдың сұлбасы бар жалпақ жиек бейнеленген.

Номиналы 200 және 100 теңгелік «Көкбөрі» монеталарының сипаттамасы:

Монеталар мельхиор қоспасынан дайындалған. Номиналы 200 теңгелік монетада алтындату технологиясы қолданылған.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) ұлттық ою-өрнектің қоршауында соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазба бар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) қасқырдың басының натуралистік және трафареттік бейнесі бар композиция және «Көкбөрі» деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра сақтардың жануарлар стилінде орындалған қасқырдың сұлбасы бар жалпақ жиек бейнеленген.

Номиналы 5 000 теңгелік монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 25 oz (777,5 гр.), диаметрі – 100 мм, диаметрі 2 мм болатын бір гауһартас орнатылған, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 200 дана;
Номиналы 500 теңгелік монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 гр., диаметрі – 38,61 мм, диаметрі 1 мм болатын бір гауһартас орнатылған, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 3 000 дана;
Номиналы 200 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан жасалған, массасы – 15 гр., диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «рrооf-like», таралымы – 3 000 дана;
Номиналы 100 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан жасалған, массасы – 11,17 гр., диаметрі – 31 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», таралымы – 30 000 дана.
Номиналы 5 000, 500, 200 және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Коллекциялық монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.

Күміс монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

«Proof-like» дайындау сапасы бар мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады.
«Brilliant uncirculated» дайындау сапасы бар мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар арнайы полиграфиялық ораумен шығарылады.

Коллекциялық монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтындағы Интернет — дүкен арқылы сатып алуға болады.