Тоқаев АЭС туралы: таза атом энергиясы болмаса бүкіл экономикамызды жоғалтамыз

794
Экономика мәселелерін білмейтін популистердің жетегінде кетпеу керек, деп мәлімдеді президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Еліміздің энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешуіміз керек. Мен бір нәрсені түсінбеймін. Неге кейбір жауапты тұлғалар атом электр станциясының құрылысына қатысты сұрақтан дипломатиялық түрде қашып отырады? Оны ашық айтуымыз керек. Таза атом энергиясы болмаса, біз инвестицияларды былай қойғанда бүкіл экономикамызды жоғалтамыз», — деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президенттің айтуынша, энергия болмаса, Қазақстан аймақтық көшбасшылықтан да айырылады.
«Бізге электр энергиясы, соның ішінде таза атом энергиясы ауадай қажет. Экономикалық мәселелерді білмейтін популистердің жетегінде кетпеу керек. Кәсіби тұрғыда атом энергетикасының пайдасын түсіндірген жөн», — деп атап көрсетті Тоқаев.
Айта кетері, жақында жаңадан тағайындалған энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының құрылысына қатысты нақты жауап бермеді. Оның айтуынша, әзірше ешқандай шешім жоқ. 2035 жылға дейінгі болжамды баланс аясында сан алуан мәселе қарастырылып жатыр.
Бүгінде АЭС салу үшін екі алаң қарастырылып жатыр. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясын Алматы облысында салудың тиімді тұсын атаған болатын.
Бұдан бөлек, атом электр станциясы Шығыс Қазақстан облысында салынуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігі екі алаңда жер сілкінісінің қаупін зерделеп шықты.
Бұған дейін экс-министр Мағзұм Мырзағалиев «жарықсыз отырғанша, АЭС салған дұрыс» деп мәлімдеген болатын.
«Мен энергетика министрі ретінде ғана пікір айта аламын. Біз баланс бойынша станцияны салу қажеттігін анық көріп отырмыз. Екі жол болады. Жарықсыз қараңғыда отырамыз ба, жоқ, әлде қажетті шешімді қабылдаймыз ба, екеуінің біреуін таңдау қажет болады. Осы тұрғыда қарастыруымыз керек», — деп түсіндірді Мырзағалиев.