Түркістан облысының прокуроры шалғайдағы ауыл тұрғындарымен кездесті

676
Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров шалғайдағы Созақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Сапар барысында прокурор Қыземшек пен Таукентте болып, өндірістік мекеме басшыларымен де жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұрғындармен кездесуге аудан әкімі Салыхан Полатов пен облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев, сондай-ақ кент әкімдері мен өндіріс орындары, мекеме басшылары қатысты. Еркін форматта өткен кездесу барысында ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.
Басқосуда көтерілген мәселелердің басым көпшілігі — электр қуатын есептеу, шалғайда жатқан ауылдарға дәрігерлер қажеттілігі сөз болды. Ал, Қыземшек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Пернебай Өтжанов кей жағдайда негізсіз, дәлелсіз арыз жазылатынын тілге тиек етті.
Жиында сондай-ақ, кәмелет жасына толмағандарға қатысты құқық бұзушылықты төмендету, ауданда орын алған қылмыстың жылдам ашылуымен қамтамасыз ету жайы айтылды. Бұл мәселені шешу аудандық полиция бөлімінің бастығына тапсырылды.
Өз кезегінде Нұрғалым Әбдіров аудан прокуроры Айтболат Досаевқа тұрғындар тарапынан көтерілген мәселенің барлығын жеке бақылауына алып, орындалуын өзіне баяндауды жүктеді. Өндіріс мекеме басшыларына қарамағындағы қызметкерлердің құқығының қорғалуына баса мән беру керектігін, ол бұзылған жағдайда қатаң жаза бар екенін ескертті.