Ресей бағдарламасында ресейлік тарихшы: «Қазақ, өзбек деген болған емес»

1073

Ресейдің саяси сарапшысымақтары тағы да арандатуды күшейтті. Бұл жолы тұтас Орталық Азия халықтарына тіл тигізіп, тілдеп, тарихын жоққа шығарды. НТВ арнасындағы «Место встречи» бағдарламасына келген сарапшысымақтар қазақ, өзбек, әзербайжан деген ұлттар ешқашан болмаған, қолдан жасалған ұлттар деп сөз сөйледі.

«Место встречи» бағдарламасына келген тарихшы, жазушы Михаил Смолин Лениннің саясатына қатысты пікір білдіріп, сол кезеңді сынай сөйлеген. Сөз арасында ол былай дейді: «Қараңыз. Қазақстан деген қалай пайда болды? О баста РСФСР құрамындағы Қазақ ССР-і деген пайда болды. Яғни ешқандай қазақ деген болған жоқ. Кейін Қазақ ССР-інің құрамында Қырғыз ССР-і дегенді құрды. Одан кейін оларды РСФСР-ден бөліп шығарды. Ол жерде ұлт қалыптастыруға қатысты небір сорақы шешімдер іске асты. Мысалы революцияға дейін өзбек деген болған жоқ. Ондай этникалық атау болған емес. Алды да бірнеше Орталық Азиядағы ұлттардан өзбектерді жасап шықты. Тура солай, әзербайжан ұлтын айтсақ болады. Әзербайжан деген ұлт революцияға дейін болған емес. Айтпағым Ресей империясының жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді», — дейді ол.

Бұл пікірмен бағдарламада отырған өзге сарапшысымақтар да келіскендей сыңай танытты. Бұл Ресей тарапынан жасалған алғашқы ақпараттық шабуыл емес.

Жақында ғана ресейлік шоу бизнес өкілі Тина Канделаки қазақ тіліне қатысты пікір білдіріп, басы дауға қалды. Ал Ресей МемДума депутаттарының Қазақстанның тарихына, территориясына қатысты арандатушы сипаттағы мәлімдеме жасамаса, басы ауыратын жағдайға жетті.

Mezgil.kz