Түлкібас кентіндегі Б.Момышұлы атындағы мектептің 2006 жылғы түлектері кезекті қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты балаға жаңа баспана сыйлады. Тоқсанға жуық түлек бірігіп жүзеге асырған бұл игі бастама аясында әлеуметтік жағдайы төмен, шынайы көмекке мұқтаж деп танылған Асқар Кеңесбай мен оның бес бауырына баспана кілті табысталды. Түлектер тек баспана алып берумен шектелмей, үйге толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрмысқа қажетті барлық жабдықтарды алып берген.
Балалардың анасы 2021 жылы дүниеден өтіп, алты бала жетім қалған. Содан бері олар нағашы ағасы мен жеңгесінің қамқорлығында тәрбиеленіп келген. Қиындыққа қарамастан балалар білімге құштар, тәрбиелі әрі еңбекқор болып өсіп келеді. Қайырымды іске аудан және кент әкімдігі, ауыл имамы мен ауыл ақсақалдары да қолдау көрсеткен. Аудан әкімдігі атынан жаңа қоныс иелеріне теледидар сыйға тартылды. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрбанбай мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапар Тоғызов игі іс-шараға арнайы қатысып, түлектерге алғысын білдірді.













