Арыстағы жарылыс кезінде тонаушылықпен айналысқандар ұсталды

1536
Тәртіп сақшылары  Арыс қаласында жарылыстан жұрт жаппай бас сауғалап кеткен кезде қаладағы қараусыз қалған дүкендер мен тұрғын үйлердің тоналғанын, ұрылардың төрт түлікке дейін қолды қылғанын жария етті.
— Жарылыс болған сәттен күні-түні қаланың қауіпсіздігін күзетіп, тұрғындардың мал-мүлігінің жоғалып кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында 400-ге жуық полицей жұмыс атқарды. Жойқын жарылыс болған күні Арыс-Шардара тас жолында блокпостта тұрған инспекторлар күдік тудырған автокөліктерді тоқтатып, тінту-тексеру жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстар барысында тоқтатылған көліктен ұрланған заттар, ал  жүксалғышынан 1 қой табылды. Полицейлер анықтағандай, ұрланған заттар мен  қойды күдіктілер Арыс қаласынан алып шығып келе жатқан.Дәл жарылыс болатын күні Мақтарал ауданының 3 жас жігіті Арыс қаласындағы таныстарына барып қайтпақ болған. Қалаға жеткен кезде олар жарылыс болып, тұрғындардың қауіпсіз аймаққа көшіріліп жатқанын көрген,-дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Арам ниет осы кезде туған көрінеді. Кешкісін олар Арыс қаласы көшелерінің бірінен өтіп, сыраханаға кірген. Осындағы сусындар мен азық болатын заттарды жымқырып, автокөліктерімен оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 75 000 теңгені құраған. Басты күдікті сырахананы тонағаннан кейін Арыс қаласының айналмалы тас жолының шетінде жайылып жүрген қараусыз қойды көріп қалып, оны автокөліктің жүксалғышына салып алады. Осыдан кейін Мақтарал ауданына қайтпақ болған. Алайда жолда жоғарыда айтылғандай, оларды полиция қызметкерлері тоқтатқан.
-Қойдың иесіне келтірілген шығын көлемі 30 000 теңгені құрады. Осы деректер Қылмыстық кодекстің 188-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілердің екеуі  уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Кәмелетке толмаған үшіншісі ата-анасының қарауына берілген.  Автокөлік Арыс аудандық полиция бөлімінің тұрағына қойылды. Жоғарыда аталған барлық ұрланған заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде,-дейді баспасөз қызметіндегілер.
Арыс  тұрғындарының айтуынша, қала қараусыз қалған кезде  дүкендер тоналған. Алайда сауда нысандарының иелері келтірілген материалдық шығындарды дәлелдей алмағандықтан, оларға ешқандай өтемақы берілмеген.
Дереккөз:zhasalash.kz