«Алтын адам» — египеттіктердің пікірін өзгертуге ықпал етті

1067
«Алтын адам» жәдігерін тапқан археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың естелігінен:
1969 жылы биіктігі алты метрден астам қорғанға қазба жұмысы жүргізілетін болды.(Ол жылы қазба жұмысы толық бітпей, келесі жылы тағы жалғастырған едік). Қорғаннан тоналған, сол дәуірдің салтымен жерленген, жасы алпыстан асқан ер адамның сүйегі табылды. Тонаушылардан қалған — құтқанды жинап алып, қайтуға дайындалдық. Бірақ көңілім бір жерге қайта — қайта түсе берді. Жанымдағы бульдозерші орыс жігітіне «мына бір жерді қопарып берші» деп өтіндім. Әлгі орыс демде қопарып еді, бір бөрененің басы сопаң ете қалды. Біздің кететінімізге жүрегі жарыла қуанып тұрған прорабқа «мен мұның астында не жатқанын білуім керек, қазба жұмысын жалғастырамыз» дедім. Сөйтіп, жерді біраз қазғаннан кейін үлкен көр шықты.
Осы уақытқа дейін 2000-нан астам қабір ашыппын, бірақ мынандай тоналмаған, қаз-қалпында сақталған қабірді бірінші рет көрдім. Бұл біздің бүгінгі «Алтын адам» деп айтып жүрген Сақ патшазадасы еді.
Осы «Алтын адамды» Египет астанасы Каирдағы көрмеге апарғанда, оны тамашалаған мысырлықтар, археологиялық табылымды таныстырып тұрған қазақтың атақты ғалым-археологы Кемел Ақышевтің қасына келіп: «Е-е сіздерде де фараондар болған екен ғой», — деп қатты таңырқапты.
Осылайша, алтынмен зерленген Сақ билеушісінің киімі — көне заманда тек фараондар ғана алтынмен апталып жүрген, ал қалған халықтар жабайы болған деген ойдағы египеттіктердің пікірін өзгертуге мәжбүр болғандай.
Әсет Ақмолданың facebook парақшасынан

Abai.kz