Сенат сайлауы. Осы сайлау керек пе өзі?..

952
2020 жылы 12 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлау өткізу туралы қаулыға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Сенат – Қазақстан Республикасының қос палатадан құралған Парламентінің жоғарғы палатасы. 49 депутаттан тұрады. Сенат депутаттары тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан сайланады.
Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланады. Сенаттың он бес депутатын Республика Президентi тағайындайды. Депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi — 6 жыл.
2017 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті.
2011 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері 2017 жылы сайланған депутаттардың тіркелуіне байланысты тоқтатылды. Ал биыл тамызда сайланатын депутаттар 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының орнын басады.
Жоғарыда Сенатта 49 депутат бар дедік. Енді солардың есім-сойын естеріңізге бір сала кетейік:
Мәулен Әшімбаев
49 жаста. Сенат төрағасы. Әр жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары, Президенттің көмекшісі, ПӘ Басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Бектас Бекназаров
64 жасқа толады. Сенат төрағасының орынбасары. Әр жылдары ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы, Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2014 жылдан бері Сенатта.
Асқар Шәкіров
64 жаста. Сенат төрағасының орынбасары. Әр жылдары бірнеше мемлекетте Елші, сенімді уәкіл болды. Сыртқы істер министрінің орынбасары, ҚР Қаржы министрлігінің Кеден комитетінің төрағасы, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметтерін атқарған. 2017 жылдан бері Сенатта.
Владимир Волков
65 жасқа толды. Әр жылдары Орталық сайлау комиссиясында, Президент әкімшілігінде, Сенатта қызмет атқарған. 2017 жылдан бері Сенатта.
Ольга Перепечина
53-ке толады. Солтүстік Қазақстан облысында қаржы саласында жұмыс істеген. 2014 жылдан бері Сенатта.
Мұхтар Құл-Мұхаммед
Биыл 60-та. Бірнеше мәрте Президенттің кеңесшісі болды. Президент әкімшілігінде қызметте болды. Мәдениет министрлігін басқарды. Қызылорда облысында әкім болды. Сенатқа ең соңғы рет 2018 жылы тағайындалған.
Серік Жақсыбеков
64 жаста. «Цесна» Корпорациясы» АҚ Төрағасы, директорлар кеңесінің Төрағасы болып қызмет істеген. Астананың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбековтің інісі.
Мұрат Бақтиярұлы
Енді аз күнде 62 жасқа толады. Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2011 жылдан бері Сенатта.
Әли Бектаев
58-де. «Ауыл» партиясының төрағасы. 2014 жылдан бері Сенатта.
Дәурен Әділбеков
64-те. Ақмола облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2017 жылдан бері Сенатта.
Рашит Әкімов
66-да. Ақмола облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2014 жылдан бері Сенатта.
Серік Бектұрғанов
63-те. Қостанай облысы әкімінің бұрынғы орынбасары.
Ерболат Мұқаев
59-ға толады. БҚО әкімінің аппаратын басқарған. 2008 жылдан бері Сенатта.
Төлеубек Мұқашев
70-те. Алматы қаласынан сайланған Сенат депутаты.
Қанатбек Сафинов
58-де. ҚР Энергетика министрлігінде Жауапты хатшы болған. «ҚазМұнайГазда» директор, «Самрұқ-Қазынада» басқарушы директор болған.
Сәуле Айтпаева
60-та. ҚР Бас прокуратурасында жауапты қызметтер атқарған.
Рысқали Әбдікеров
61-де. Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары.
Нұрлан Бекназаров
56-да. 1999 жылдан бастап Шымкент қалалық маслихатында депутат болған. 2018 жылдан бері Сенатта.
Михаил Бортник
60-та. Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2008 жылдан бері Сенатта.
Ғұмар Дүйсембаев
64-ке толады. Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары. 2017 жылдан бері Сенатта.
Бекмырза Еламанов
70-те. Қызылорда облысының әкімдігінде қызмет еткен. Облыс әкімінің орынбасары болған. Қызылорда облысынан сайланған Сенат депутаты.
Сәрсенбай Еңсегенов
57-де. Атырау облысының Құрманғазы, Жылыой, Қызылқоға аудандарының Құрметті азаматы.
Сергей Ершов
60-та. Қарағанды облысынан сайланған Сенат депутаты.
Мұратбай Жолдасбаев
63-те. Жамбыл облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2014 жылдан бері Жамбыл облысының атынан Сенатта отыр.
Мұхтар Жұмағазиев
64-те. Ақтқөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2017 жылғы 28 маусымда Ақтөбе облысынан сайланды.
Бақытжан Жұмағұлов
67-де. Бұрынғы Білім және ғылым министрі.
Нұртөре Жүсіп
59-да. «Айқын» гәзетінің бұрынғы Бас редакторы.
Манап Көбенов
63-те. Павлодар облысынан сайланған Сенат депутаты.
Айгүл Қапбарова
45-ке толады. Сенат депутаты болып Шымкент қаласынан сайланған.
Қайрат Қожамжаров
55-те. Қазақстанның бұрынғы Бас прокуроры. 2019 жылы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалған.
Әлімжан Құртаев
62-ге толады. Бұрынғы ОҚО-дан сайланған Сенат депутаты.
Нұрлан Қылышбаев
49-да. Алматы облысы, Ескелді ауданының бұрынғы әкімі. 2016 жылдан бері Сенатта.
Андрей Лукин
59-ға толады. ҚР Бас прокурорының бұрынғы орынбасары. Былтырдан бері Сенат депутаты.
Еділ Мамытбеков
56-ға толады. ҚР Президенті Әкімшілігі бөлімінің меңгерушісі, ҚР Индустрия және сауда вице-министрі қызметтерін атқарды.
Дүйсенғазы Мусин
63-ке толады. ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары. 2017 жылдан бері Сенат депутаты.
Талғат Мұсабаев
69-да. Бұрынғы ғарышкер. 2017 жылдан бері Сенат депутаты.
Аңсар Мұсаханов
Биыл 54-те. Алматы обылысының бұрынғы әкімі. 2014 жылдан бері Сенатта.
Динар Нөкетаева
56-да. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы ректоры. 2017 жылдан бері Сенатта.
Әбдәлі Нұралиев
61-де. Жамбыл облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. Сенат депутаты болып Жамбыл облысынан сайланған.
Жеңіс Нұрғалиев
58-де. Қостанай облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2010 жылдан бері Сенатта.
Дана Нұржігіт
48-ге толады. Журналист. 2019 жылдан бері Сенат депутаты.
Нұржан Нұрсипатов
63-те. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері. Сенат депутаты болып Павлодар облысынан сайланған.
Сергей Плотников
60-қа толады. ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары. 2008 жылдан бері Сенатта.
Ерік Сұлтанов
64-те. СҚО-ның бұрынғы әкімі. 2017 жылдан бері Сенатта.
Ләззат Сүлеймен
59-да. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.
Марат Тағымов
68-де. Ақтөбе обылысы әкімінің бұрынғы орынбасары. Ақтөбе облысынан сайланған Қазақстан Сенат депутаты.
Нариман Төрағалиев
56-ға толады. БҚО әкімінің бұрынғы орынбасары. Сенат депутаты болып Батыс Қазақстан облысынан сайланған.
Бақтыбай Шелпеков
Шілдеде 61-ге келеді. Маңғыстау облысынан сайланған.
Түйін. Жоғарыда бұл жолғылар 2014 жылғы сенатор атанғандардың орнын басады дедік. Сол, 2014 жылғы сайлауды бір еске түсірейікші. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сол жолы: «Сенат 75 пайызға жаңарды», — деп сөйлеген. Жоғарыда біз қазіргі Сенат құрамын жарияладық. Өздеріңіз көргендей, 2008 жылдан бері бір орында тапжылмай отырғандар да жоқ емес.
2017 жылы біз «Сенаттың атын «Қариялар кеңесі» деп өзгерту керек», — дедік. Өйткені, Сенат сөзі – латынша  senatus, senex — кәрі, қария сөзінен шыққан. Бұл жерде Сенат депутаттарының орташа жас мөлшеріне де тоқтала кеткен жөн. Сенаторлардың алды 70-тен асқан. Дені 60-ты алқымдаған аталар.
Сол жылы, 2017 жылы Қазақстанға Сенаттың керегі жоқ деген де сөздер айтылды. Сенат – Президент пен Мәжілістің ортасындағы көпір іспетті ғана рөл атқарып тұр. Керек десеңіз, Қазақстандағы Заң қабылдау процессіне кедергі келтіретін кездері де көп дедік.
«Бұл жерде ескере кететін тағы бір жәйт – Сенат қандай елдерге керек? Көбінесе федералды немесе көп штатты мемлекетге! Кеңес өкіметі кезіндегідей әр аймақтан өкіл болуы үшін ғана керек! 
Ал бізде Сенат депутаттарының басым бөлігін Президенттің өзі тағайындайды. Қос палатаны бірдей ұстап отыратындай біз федералды мемлекет емеспіз ғой…». Бұл саясаттанушы Дос Көшімнің сол кезде айтқан сөзі. Әлі де өзекті!
Мақұл. Біз айтты екен деп, Сенатты тарқатып жібере салайын деп тұрған Ақорда кәне?!. Сенаттың өзі сауалда тұрғанда, Сенат сайлауының қажеті қанша дейміз, және. Ақыры, оның үштен бірін Президент жеке тағайындайды екен, ендеше сабылып сайлау өткізудің керегі бар ма? Талқылайық…
Abai.kz