Тойханаңызды өндірістік цехқа айналдырыңыз!

1280
Тойға заң жүзінде реформа жасалуы керек. «Той салығы», «той инспекторы» тәжірибесін енгізсе артық емес.
Отыз жылда сол тойға киіп баратын ең құрығанда нәски мен түрсидің өзін өндірмеппіз. Ермек Тұрсынов айтпақшы, бар бітіргеніміз тойхана мен базар салдық. Шынайы қуаныштан гөрі, «жалпақ шешей» жағыну, бергісі болмашы бәсеке, арғысы астыртын табыс көзіне айналды. Секеңдеген әртістердің бағына, сіңірі шыққан кедейдің сорына, құтырған байдың ермегіне айналғаны соншалық, «итіміз күшіктесе» де сүйіншілейтін болдық. Қиналып көмек сұраған адамға 1000 теңгені әрең қиямыз, айдаладағы біреу тойға шақырса кемінде 10 000 теңге алып шапқылаймыз. Тіпті, ақшаң болмаса қарыз сұрап бару қалыпты құбылысқа айналды. Құныққан әртістің бәрі «қазақтың тойы бітпесін», деген ұранды қылқылдауын қояр емес.
Елді еңбекке емес, есіруге шақыратын әндер сағат сайын тарап жатыр. Оның өзі өзіміздікі емес қой өкініштісі. Өзбек пен Қырғыздан ұрлап ән айтқан әншінің бәрін «арам тамақ» деп тану керек. Қазіргі әннің 99 пайызы тойский. Халықты жұмысқа шақыратын «Қырманға кел қалқатайдан» басқа ән жоқ-ау осы бізде. Қолымызға бес тиын артық түссе, тамада мен әншінің телефонын іздеп кетеміз. Біз «светский государствомыз» деп ұяла бермей, өзімізге кереғар дүниелерді заңмен реттеп отыруға тиіспіз. Қысылатын түгі де жоқ, бұл мәселе Парламент деңгейінде талқыланып арнайы заң әзірленуі тиіс. Бұл міндет Мәдениет және спорт министрлігінің оң жамбасына жығылып және сұранып тұр.
Карантин басталғалы тойханалардың иелері күн көріс жоқ деп еңіреп жатыр. Енді бұрынғыдай елеру бола қоймас. Ел әлі есін толық жиған жоқ. Коронвируспен қатар келген кризистің соққысы ауыр тиді қоғамдық санаға. Сондықтан, сол зәулім тойханаларыңды өндірістік цехқа айналдырыңыздар. Аспазшыларды, даяршыларды, әнші-тамадаларды өндіріске бейімдеңіздер. Ақшасы асып-тасып, той сұрап келген адамды іске шақырыңыз, серіктес болыңыз!!!
Жасыратыны жоқ, бүгінде қолына күрек ұстап жұмыс істейтін адамнан гөрі, қалам ұстап жазатын адамдар да көбейіп кетті. Соның бірі осы журналист мамандығы. Қазір өзі таяқ лақтырсаң әнші мен журналистке тиетін заман болды ғой. Бұл дегеніміз шырылдауық шегіркелер мен шағып алар кесірткелердің тым шектен тыс көбейіп кеткендігі.
Тойханалардың қызметін тоқтатып, олардың бәрін зауыттарға, цехтарға, қайта өңдеуші шаруашылықтарға айналдырсақ әлі де кеш емес. Той баққан емес, қой баққан қазақ көбейсін. Айтпақшы, осыдан 11 жыл бұрын келіншегім екеуміз тойды бірігіп жасағанбыз. Елуде-елу ережесімен!
Ербол Мандибектің әлеуметтік желідегі жазбасы 
Abai.kz