Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының бәсі — биік, мазмұны — бөлек. Мұны Президент «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге «Жаңа Қазақстан» құруға кірістік. Баршаңызға мәлім, былтыр егемендіктің маңызды белесіне жеттік. Тарихи өлшеммен қарағанда 30 жыл тым көп уақыт емес» деп ерекше атап өтті.
Тәуелсіздік – біздің баға жетпес байлығымыз. Осы құндылығымызды жоғалтпай, ынтымағымыз бен берекемізді еселей түсу үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек-ақ. Президент ол жайында: «Алайда, береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айрылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді», — деп қаңтар оқиғасына да әділетті бағасын берді.
Бүгінгі Жолдауда ұлттық мемлекет құруға бет алып, республикалық аймақтарға да біршама өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары екіге бөлініп, жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылды. Абай облысының орталығы Семей, Ұлытау облысының орталығы Жезқазған болып бекітілді. Сонымен бірге, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болса, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болып бекітілді. Мемлекет басшысы халық ұсынса, Қапшағай қаласын Қонаев деп өзгерту туралы ұсынысты қолдайтынын да тілге тиек етті.
Жолдау барысында келесідей келелі мәселелерді де атап өтті. Еліміз суперпрезиденттік басқару жүйесінен алшақтап, Парламент құзіреттілігі күшейе түспек. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев Президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тартты. Тең құқылы, бәсекеде саяси салмағы тең партия қалыптастыру үшін партия төрағалығынан бас тартып, тиісінше өңір басшылары да партия филиалдарының төрағасы болмауы тиіс екенін атап өтті. Құқықтық мемлекет іргесін нығайту мақсатында Конституциялық сот жүйесін қайта қалпына келтіруді ұсынды.
Біз ұстаздар қауымы «Жаңа Қазақстан» құруда бар күшімізді Қазақстанды әлемге танытатын, бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуге жұмсайтын боламыз.
Алмас ҚАЙЫПОВ,
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның директоры